"Өліп кетуі мүмкін еді": дәрігер Семейде шыршаны безендіру кезінде құлаған мұғалімнің қандай жарақат алғанын айтты
Жарияланған күні:

Семейде шыршаны безендіру кезінде зардап шеккен мұғалім ауыр жарақатпен ауруханаға түскен болатын. Дәрігерлер науқастың өмірін әрең дегенде аман сақтап қалғанын айтты. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ arnapress.kz сайтына сілтеме жасай отырып хабарлайды.
Мұғалімнің қандай жарақат алғанын Семей медицина университетіне қарасты госпитальдің нейрохирургы Рәшид Ишмұхаметов түсіндірген. Оның пікірінше, науқас өліп кетуі мүмкін еді.
"Ол ауруханаға жарақат алғаннан бір сағаттан кейін ауыр жағдайда түсті. Кезекші дәрігер бірден компьютерлік томография жасап, мәліметті чатқа жариялады. Біз оны тез арада талқылап, хирургиялық ота жасау керек деп шештік. Дәрігер ота жасады. Хирургиялық ота сәтті шығып, науқастың жағдайы әлдеқайда жақсарды. Қазір ол жалпы палатада емделіп жатыр", - дейді дәрігер.
Нейрохирург науқастың ауруханаға бас-сүйек жарақатымен түскенін, миына қан кеткенін айтты.
"Субдуральды гематома" деген түсінік бар. Жарақат салдарынан бас сүйегіндегі тамырлар жарылып, қан жиналып қалады. Ол біртіндеп жиналады. Гематома үлкейіп кетпей тұрғанда хирургиялық ота жасап үлгеру керек, әйтпесе науқастың өміріне қауіп төнеді. Гематоманы тез алып тастамаса, ол өліп кетуі де мүмкін", - деп түсіндірді нейрохирург.
Дәрігердің айтуынша, мұғалімге енді тағы бір ота жасау керек, бірақ ол аса қауіпті емес.
"Бас сүйегінде жарақат бар. Хирургиялық ота жасау кезінде науқастың өмірін аман сақтап қалу үшін гематома жиналған жердегі сүйектің бір бөлігін алып тастадық. 2-3 айдың ішінде пластикалық ота жасап, бас сүйегіндегі жарақатты жоямыз. Бірақ ол жоспармен жүзеге асатын дүние.
Ол да ота, бірақ денсаулыққа аса қауіпті емес. Әйтпесе соның салдарынан бас ауырып, науқастың талмасы ұстап қалуы мүмкін. Оның үстіне, бас сүйектің жоқтығы салдарынан абайсызда басын жаралап алуы ғажап емес", - дейді дәрігер.
Оның айтуынша, бас жарақатынан бөлек науқастың басқа жерінде жарақат жоқ. Мұғалімге денсаулығын жақсартып, жұмысқа қайта оралуы үшін 2-3 ай уақыт керек.
Бұған дейін Семейде шырша безендіруде зардап шеккен мұғалім Қуат Айтқалиевтің әйелі Сымбат Аянқызы күйеуі зардап шеккен оқиға туралы айтып берген еді.
Еске салайық, Семей қаласындағы басты жаңажылдық шыршаны безендіру кезінде мектеп мұғалімі Қуат Айтқалиев зардап шеккені белгілі болған. Осы оқиғаға байланысты оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев өз наразылығын білдірген еді. Ол "Педагог мәртебесі туралы" заңға сәйкес мұғалімдерді кәсіби қызметіне қатысы жоқ жұмыстарға тартуға тыйым салынғанын ерекше атап өткен. Министр облыс басшылығының әділ тергеу жүргізіп, тиісті шараларды қабылдайтынына үміт артатынын мәлімдеді.
Кейін Абай облысының білім басқармасы қызметтік тексеру жүргізіп, кінәлілерді жауапқа тартуға уәде берді.
Бүгін Абай облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Айжан Құрманова KAZ.NUR.KZ тілшісіне тексеру нәтижелері туралы хабарлады. Бұған дейін Семейдегі бұл оқиға туралы бұрынғы білім министрі, қазіргі мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов те пікір білдірген еді. Аймағамбетов мұндай жағдайды жай ғана "жаңсақтық" деп қарастыруға болмайтынын айтып, "Педагог мәртебесі туралы" заңның 6-бабында нақты көрсетілгендей: мұғалімдерді кәсіби міндеттеріне жатпайтын жұмыстарға тартуға қатаң тыйым салынатын еске салды.
Кейінірек мектеп директоры тәртіптік жауапкершілікке тартылып, Семей қаласы білім бөлімінің басшысы Біржан Булабаев атқарып отырған қызметінен босатылғаны белгілі болды.
Сондай-ақ осы оқиғадан кейін қала әкімінің орынбасары жауапқа тартылды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/health/2203887-olip-ketui-mumkin-edi-dariger-semeide-shyrshany-bezendiru-kezinde-qulagan-mugalimning-qandai-zharaqat-alganyn-aitty/