jitsu gif
    Бізбен бірге қатарынан болған күндеріңіз
    Гүлмира Ерубаева
    Контент-ресечер

    Алматыда РФМШ оқушылары арасында ішек инфекциясы тіркелді: ДСМ мәлімдеме жасады

    аурухана
    Аурухана. Иллюстрациялық фото: skaman306/Getty Images

    Денсаулық сақтау министрлігі Алматыдағы мектептердің бірінде ішек инфекциясы жағдайлары тіркелгеннен кейін жедел шаралар қабылданғанын мәлімдеді, деп хабарлайды ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.

    "ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Алматы қаласындағы Республикалық физика-математика мектебі оқушыларының арасында ішек инфекциясының 48 жағдайының тіркелуіне байланысты санитариялық-эпидемияға қарсы кешенді іс-шаралар ұйымдастырды.

    Тамақтану блогына тексеру жүргізіліп, санитариялық талаптардың бұзылуы анықталды. Бес қаулы шығарылып, шектеу шаралары енгізілді және дезинфекция жүргізілді. Науқастармен байланыста болған адамдар медициналық бақылауға алынды", - делінген хабарламада.

    Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің мәліметінше, мамандар "Master Food" ЖШС-нің тамақтану блогын тексеру барысында азық-түлік өнімдерін сақтау, дайын тағамдардың тәуліктік сынамаларын алу және тамақтануды ұйымдастыру талаптарының бұзылғанын анықтаған.

    Инфекция көзін анықтау мақсатында су мен азық-түлік өнімдерінен сынамалар, шайындылар алынып, тамақтану блогының қызметкерлері тексерілген. Зертханалық зерттеулер жалғасып жатыр.

    "Тексеру қорытындысы бойынша мектеп пен асхананың қызметін тоқтата тұруды, жекелеген тағамдарды сатуға тыйым салуды, уақытша санитариялық шектеу шараларын енгізуді және қажетті ілеспе құжаттары жоқ сүт өнімдерін алып қоюды көздейтін бес қаулы шығарылды", - делінген хабарламада.

    Сондай-ақ интернат ғимаратында дезинфекция жүргізілген.

    "Науқастармен байланыста болған адамдар медициналық бақылауда. Балалардың бір бөлігі профилактикалық мақсатта интернатта оқшауланды.

    14 қазандағы жағдай бойынша аурудың 48 жағдайы тіркелді. Барлық науқас емдеуге жатқызылды, олардың жағдайы тұрақты. Реанимациялық көмекті қажет ететін пациенттер жоқ", - делінген хабарламада.

    Тексеру нәтижелері бойынша материалдар заңнамада белгіленген тәртіппен қарау және процестік шешім қабылдау үшін құқық қорғау органдарына жіберілді.

    "Денсаулық сақтау министрлігі кәсіпкерлерге тамақтануды ұйымдастыру кезінде санитариялық талаптарды міндетті түрде сақтау қажеттігін еске салады. Бұл ретте өнімдерді тексерілген жеткізушілерден сатып алу, азық-түлікті сақтау және тағам дайындау шарттарын сақтау, қажетті рұқсат құжаттарының болуы және қызметкерлердің медициналық қарап-тексеруден уақтылы өтуі маңызды.

    Жағдай ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің бақылауында. Балалардың денсаулығын сақтау, аурудың себептерін анықтау және инфекцияның жаңа жағдайларының алдын алу мақсатында эпидемиологиялық тергеп-тексеру мен қажетті іс-шаралар жалғасуда", - делінген хабарламада.

    Айта кетейік, бұған дейін Алматыдағы Республикалық физика-математика мектебінің ондаған оқушысы жедел ішек инфекциясы белгілерімен ауруханаға түскені туралы жазған едік. Бұдан кейін мектепте тексерулер басталды.

    Кейінірек Алматы қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы ауруханаға түскен оқушылардың жағдайы туралы мәлімет берді.

    Алматыда РФМШ оқушылары арасында ішек инфекциясы тіркелді: ДСМ мәлімдеме жасады

    Барлығын бірінші болып біліп отырыңыз

    Бізге жазылып, Қазақстанның өзекті жаңалықтарынан, қызықты суреттер, видеолар мен эксклюзивтерден хабардар болыңыз.

    Instagram