Атырау облысында ауруханада 10 айлық сәби көз жұмды: тексеру басталды
Жарияланған күні:

Атырау облысының тұрғыны 10 айлық баласының өліміне дәрігерлерді кінәлап отыр. Жағдайға облыстық денсаулық сақтау басқармасы түсініктеме берді. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ "Ақ Жайыққа" сілтеме жасап хабарлайды.
Сәбидің анасының айтуынша, баласының дене қызуы көтеріліп, 6 желтоқсанда жұқпалы аурулар ауруханасына барған, ол кезде нәрестенің температурасы 38,9 болған.
"Дәрігер тіс шығуына байланысты дене қызуы көтерілгенін айтып, облыстық балалар ауруханасына баруға кеңес берді. Ол жерде де көмек көрсетілмей, бізді жұқпалы аурулар ауруханасына қайта жіберді. Ауруханалар арасында таксимен бес сағат жүруге мәжбүр болдым. Сол түні сәбиім №2 аурухананың жансақтау бөлімінде көз жұмды", - деді ол.
Атырау облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, 6 желтоқсан күні сәби облыстық аурухананың жедел жәрдем бөліміне дене қызуы мен құсу шағымдарымен жеткізілген.
"Баланы жедел жәрдем бөлімшесінің кезекші дәрігері тексеріп, алдын ала "іш теспе" деген диагноз қойды. Стационарлық емдеу ұсынылды. Алайда баланың анасы ауруханаға жатқызудан бас тартып, тиісті қолхат жазды.
Сол күні сағат 16:04-те баланың анасы облыстық балалар ауруханасының қабылдау бөліміне барып, бала хирург пен педиатрдың қарауынан өтті, диагнозды нақтылау үшін кеуде қуысының рентгенографиясы және құрсақ қуысы мүшелерінің УДЗ жасалды. Барлық тексеру шараларынан кейін сәби Атырау облыстық №2 ауруханасына стационарлық емдеуге жіберілді", - делінген департамент түсініктемесінде.
№2 ауруханаға барған кезде баланың жағдайы ауыр болғаны айтылады. Бірден жансақтау бөліміне жатқызылып, аурухана дәрігерлері кеңес құрған.
"Ауруханаға түскен кездегі зертханалық зерттеулердің нәтижелері және баланың объективті жағдайы қиын деп бағаланды. Жансақтау бөлімінде қарқынды терапия мен реанимациялық шаралар жүргізілді, алайда соған қарамастан, бала жетінші желтоқсан күні сағат 00:20-да қайтыс болды", - деді аурухана өкілдері.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасы бұл оқиғаға байланысты комиссия құрып, ішкі аудит жүргізуді бастады. Тексеру нәтижесі бойынша тиісті шаралар қабылданатыны хабарланды.
"Қайғылы жағдайға байланысты сәбидің ата-анасына көңіл айтамыз," - делінген басқарма хабарламасында.
Дәл осындай оқиға бірнеше күн бұрын Қостанай облысында болды - қала тұрғыны аурухана дәрігерлерін 10 айлық сәбиінің өліміне кінәлаған болатын. Полиция іс қозғады, дәрігерлер тағылған айыпқа жауап берді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/health/motherhood/2199954-atyrauda-auruhanada-10-ailyq-sabi-koz-zhumdy-tekseru-bastaldy/