Денсаулық

Зектілері

Астанада жедел жәрдем көлігі тапшы: жүкті әйелге фельдшер таксимен барған

Жарияланған күні:

Жедел жәрдем көлігі
Жедел жәрдем көлігі. Фото: NUR.KZ/Владимир Третьяков

Желіде жедел жәрдем көлігі жетіспейтіндіктен Астана қаласында фельдшер жүкті әйелге таксимен жетті деген ақпарат тарады. Қоғамдық денсаулық сақтау департаменті мәліметті растады. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ хабарлайды.

Оқиға туралы мәліметті ZTB NEWS Telegram-арнасы жариялаған.

"Әйелім қансырап жатты, түсік қаупі төніп тұрған еді. Біз дереу жедел жәрдем шақырдық. Алайда бізге фельдшер қарапайым жеке көлікпен келді. Егер отыра алмайтын науқас болса, не болар еді?", - деп таңданысын білдірді Астана тұрғыны.

Жағдай 20 желтоқсан күні болған. NUR.KZ тілшісі Астана қоғамдық денсаулық сақтау департаментінен оқиғаға қатысты түсініктеме сұрады. Басқарма бұл ақпаратты растады.

"Халық санының өсуіне және маусымдық респираторлық аурулардың көбеюіне байланысты қоңыраулар саны орташа деңгейден жоғарылап отыр.

Науқастарға жету уақытын қысқарту мақсатында, Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 30 қарашадағы №ҚР ДСМ-225/2020 бұйрығының 42-тармағына сәйкес, жедел медициналық көмек көрсету үшін такси көліктерін уақытша жалға алу туралы шешім қабылданды", - деп жауап берді басқармадағылар.

Айта кетсек, бұл мұндай бірінші жағдай емес, тамыз айында Астанадағы жедел жәрдем дәрігерлері шақыртуларға таксимен барып жүргенін жазған болатынбыз. Әлеуметтік желіде қызу талқыға түскен мәселеге қатысты елорданың жауапты мекеме басшылығы түсініктеме беріп, жеңіл шақыртуларға жалға алынған көліктер барып жүргенін жеткізген.

Ал Солтүстік Қазақстан облысындағы Бескөл ауылында жолды қар басып, жедел жәрдем дәрігерлері пациентке жаяу баруға мәжбүр болғанын еске саламыз. Кейін олар инсульт алған науқасты көлікке шанамен апарған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/health/motherhood/2203578-astanada-zhedel-zhardem-koligi-tapshy-zhukti-aielge-feldsher-taksimen-bargan/