Сүмесүт тағамын қалай дайындайды?

Опубликовано:

"Сүмесүт" немесе "сүттік" деп аталатын сирек тағамды көпті көрген қариялар білмесе, жалпы жұрттың бәрі біле бермеуі әбден мүмкін деп жазады massaget.kz.

Қазақ мәдениетінің білгір ғұламасы, жазушы Сәбит Мұқанов "Сүме ертерек кезде "желін", "емшек" мағынасында айтылған" дейді. Бірақ "сүмесүт" туралы айтпаған.

"Сүмесүт" ерте замандарда жаугершілік, аумалы-төкпелі кезеңдерде ел басына күн туған немесе ұзақ жолдар мен көш-керуендерде күні бұрын әзірленетін сәбилер мен жас балалар үшін нәрем, ересектер үшін сағыз орнына жүретін бірегей нәрлі тағам екен.

Оның жасалу жолы қызық әрі қарапайым да, оңай десе болады. Бұл үшін семіз әрі жас түсі ақ қойдың (марқаның) жүнін мейлінше тақырлап қырқып алып сояды. Терісін сыпырып алғаннан кейін оның жүнін күйдіріп жібермей тағы да қайта үйтеді. Үйтілген теріні күйеден, кірден, шаң-тозаңнан тазартып жуады, артық шелін, етін сыдырады.

Енді теріні қойдың қою сүті құйылған қазанға салады да баппен қайната береді. Қайнаған сәтте тері сүтті бойына сіңіріп жұта бастайды. Сүт азайған сайын қазанға еселеп сүт құйып отырады. Тері неғұрлым піскен сайын сүтті молынан сіңіре береді де қалыңдығы бармақтай болып, қалыңдап ісіне береді.

Тері әбден "тойғаннан" кейін сүтті әрі қарай сіңірмейді. Бұл "сүмесүт" қайнап, пісіп болды деген сөз. Осыдан кейін оны алып суытады. Енді бұрынғыдай тері емес, қалың әрі өн бойы сүтке толған жұмсақ желін тәріздес басқаша зат пайда болады, яғни жаңа тағам шығады.

Мұны енді сығылмайтын етіп шара, табақ, қазан сияқты дәмі шаппайтын ыдыстарға салып, күнге тигізбей салқын жерде сақтайды.

"Сүмесүтті" бір жапырақ етіп тіліп, ұзақ, алыс жолдарда баланың аузына емшек тәріздес етіп салып қояды. Баланың тамағына кетіп қалмас үшін шетінен ши немесе жіңішке арша өткізеді. Ал бала (сәби) болса, анасының емшегін емгендей тәтті қою сүтті сорып, тойып балбырап жата береді. Сорып-сорып сүті таусылған тері салбырап босап қалады.

Бірақ ол да жерде қалмайды, әйелдер мен балалар сағыз орнына пайдаланып, шайнап жүреді. Қойдың бір терісі бірнеше балаға көп күнге жететін азық болады.

Дала табиғаты мен құбылысын жетік игерген қазақтың ойшыл тапқырлары мұндай жаңалықтарды әрқашан ойлап шығарып, ел-жұртына пайдалы істер істеп отырған. Айталық жерқазанды (көмбені) ойлап табу, шөлдегенде су көзін барлау, қазанмен балық аулау, ауа райын күні бұрын болжау сияқты қиын да күрделі табиғат жұмбақтарын ақылға салып шешуде дала қазақтары қашан да ұтымды жолдар тауып отырған. Олар асты да, шаруашылық жұмыстарды да көшпелі, дала өміріне бейімдеген.

"Сүмесүт" те халықтың осындай тапқырлық ұшқырлық ойы мен ерекше таным-қабілеті мен өмірлік тәжірибесінен шыққан. Туған халқымыздың "сүмесүт" сияқты ерекше тапқырлық тәсілін бұл күнге жеткізіп, бізге айтып берген "жақсының жақсылығын айт нұры тасысын" деп атамыз қазақтың өзі айтқанындай Қостанай облысы Амангелді ауданының азаматы, ұстаз Қыдырәлі Долин.

Ол бұл әңгімені әкесі тегі Қыпшақ, Бегімбет руы, аты жер жарған халық батыры Аманкелді Имановтың туысы көпті көрген көнекөз Жақия қарттан естіп жадында сақтап, көңіліне тоқып қалған екен.

Тері мен сүт арқылы осындай тағам дайындау жолын белгілі ғалым, жазушы Ақселеу Сейдімбек те жазған. Бұл тәсілді ол "құрғақ сүт" деп атаған.

Қазақтың дарқан дастарқаны. "Алматыкітап" баспасы, 2007 ж.

Тағы да оқыңыздар:

Арықтататын Магги диетасының мәзірі

Жігіттерге арналған эротикалық массаждың қыр-сырлары

Секс туралы жігіттер сенетін алты өтірік (+18)

Етеккір кезінде қалай сақтануға болады?

Перзентханаға түскен аналарға керек кеңестер

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/1141985-sumesut-taghamyn-qalay-dayyndaydy/