"COVID-19 тоқтамайды": Ғалымдар КВИ-дің жаңа толқындары пайда болуының себебін анықтады

Опубликовано:

Коронавирус
Көрнекі сурет: pixabay.com

Ғалымдар КВИ-дің жаңа толқындары туындауының себебін анықтай келе, дерттің жаңа штамдары пайда болған сайын оның таралуы тоқтамауы мүмкін деген болжам жасады. Зерттеу нәтижелері Scietific Reports журналында жария етілген деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ порталы.

Дейвистегі Калифорния университеті Ветеринариялық мектебінің ғалымдары коронавирустық инфекцияның жаңа толқындарының пайда болу себептерін анықтады. Олардың сөзіне сенсек, вирус үнемі өзгеріске ұшырап отырады және оның мутациясы пандемияның жаңа толқындарының туындауына жағдай жасайды.

Белгілі болғандай, Sars-Cov-2-де үнемі өзгеріп отыратын 15 ген бар, олар тез даму мүмкіндігіне ие әрі жұқпалылық деңгейі жоғары.

"Осы себепті, жаңа толқындар туындап жатыр. Және коронавирустың жаңа түрлері пайда болған сайын дерттің жаңа толқындары да тоқтамайды", - дейді зерттеу жетекшісі Барт Веймер.

Генетиктер өткен жылдың 1 наурызынан бастап Азия елдеріндегі 150 Sars-Cov-2 штамының мәліметтерін жинап, талдау арқылы осындай қорытындыға келіп отыр.

Талдау барысында ғалымдар бірнеше елде коронавирустың өршуін бәсеңдетуге карантиндік шаралардың көмегі болғанын да анықтаған.

Еске салсақ, бұған дейін елімізде QazCovid-in вакцинасының клиникалық сынақтарына қатысқан 202 еріктінің 8-інде коронавирусқа қарсы әлсіз иммунитет қалыптасқанын жазған едік. Бұл туралы ОКҚ-да өткен онлайн брифингте Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтының бас директоры Күнсулу Закарья мәлімдеді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/1905947-covid-19-toqtamaidy-galymdar-kvi-din-zana-tolqyndary-paida-boluynyn-sebebin-anyqtady/