Ұлына мұраға қалған 22 млн теңгені ұрлаған ер адам ұятқа қалды
Жарияланған күні:
Ұлыбританияның Тенби қаласында 38 жастағы Дэниел Колфилд ұлына мұраға қалған 38 000 фунт стерлингті (шамамен 22 миллион теңге) ойын-сауыққа, алкоголь мен есірткіге жұмсап жіберген. Бұл туралы Mirror жазады.
Мұраны Дэниелдің анасы арнайы немересіне қалдырған екен. Ол немересі 18 жасқа толған соң бұл ақшаны университетте оқу ақысын төлеу немесе үй сатып алу мақсатында қолдана алады деп үміттенген.
2015 жылы әйел адам қайтыс болып, ер адам әпкесімен бірге ұлына мұраға қалған шотқа қол сұғады.
Мұрагер кәмелет жасына толған соң, әкесі мен әпкесіне мұраға қалған ақшаны беруін сұрап хат жазады. Алайда әкесі ақшаны ішімдік пен ойын-сауыққа жұмсап жібергенін айтады.
Бұл жайттан кейін ұлы полицияға әкесінің үстінен арыз жазған.
Тәртіп сақшыларының айтуынша, Дэниел ақшаны ұрлап, жұмсап жібергені үшін ұлынан кешірім сұраған.
Дегенмен сот ер адамды екі жылға шартты түрде бас бостандығынан айырып, сонымен қатар оңалту курсынан өтуге және 240 сағат қоғамдық жұмыс істеуге міндеттеген.
Ер адамның айтуынша, ол ұлына жұмсап тастаған ақшаны қайтарудың амалын қарастырмақ.
Еске салсақ, бұған дейін АҚШ-та ұлының ұятсыз журналдары мен ойыншықтарын лақтырып жіберген ата-ана сотта жауапқа тартылғаны туралы жазған едік.
Сот ата-ананы ұлының мүлкін рұқсатсыз лақтырғаны үшін кінәлі деп тапқан. Ата-анасы болса, өз кезегінде ұлына өз үйлерінде порнографияға жол бермейтіндерін бірден ескерткендігін алға тартып отыр.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/1926824-ulyna-muraga-qalgan-22-mln-tengeni-urlagan-er-adam-uyatqa-qaldy/