Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Балалық арман": Алматы тұрғыны 15 жылдан бері зәулім сарай салып жатыр

Жарияланған күні:

Алматыдағы сарай
Алматыдағы сарай. Фото: kaz.nur.kz/Ардақ Құлтай

Алматыда ортағасырлық стильде салынған сарай бар. Бұл ғимараттың иесі Ольга Шин KAZ.NUR.KZ тілшісіне берген сұхбатында құрылыс қанша уақыт және қалай жүргенін, сондай-ақ оған қанша қаражат жұмсалғанын әрі енді бұл мекенде қандай шаралар өткізілетінін айтып берді.

Маңызды тұстар
close
Бұл мәтін автоматты түрде ЖИ көмегімен жазылған және редактор тексермеген, сондықтан фактологиялық және грамматикалық қателер болуы мүмкін. Толығырақ жарияланымда.
  • Алматыда Ольга Шин есімді тұрғын 15 жыл бұрын ортағасырлық стильде сарай салуды бастаған, оған 250 мың доллар жұмсалған.
  • Сарай төрт қабатты, жер аумағында алма бағы мен көлшік бар. Ғимарат Германиядағы Нойшванштайн қамалынан шабыт алып салынған.
  • Бастапқыда отбасы үшін салынған сарай қазір балаларға арналған дамыту орталығына айналып, әртүрлі іс-шаралар өткізіледі және Алматының көрнекті орнына айналған.
Тақырып бойынша жаңа жарияланым:
"Интернетке шектеу, мигранттар": Мәскеудің бүгінгі келбеті қандай (фото)

Алматы тұрғыны Ольга Шин күйеуі екеуі қаланың Қарғалы ықшамауданындағы бұл ғимарат салынған орынды 1998 жылы сатып алған. Бастапқыда бұл тұс қаладан құрылыс материалдарының қалдықтары жиналатын орын болған екен. Кейін кішігірім үй салып, сонда тұрып жатқан отбасы үлкен алаңға сарай құрылысын бастап кеткен. Алайда жұп бұл жерде нағыз алма бағы мен көлшігі бар алаң жасап қойған.

Сарай балалық арманы болған

Ольга Шин – азаматтық істермен айналысатын тәжірибелі алматылық адвокат. Бала кезінен ертегі тыңдап, оқып келемін дейді. Өз сөзінше, итальян, испан, ағылшын, қазақ ертегілерін тыңдап өскен ол сондағы сарайда тұрып көруді армандаған екен. Бұл арманын 2009 жылы іске асыруды бастап, бүгінде алматылықтар тамсанатын нағыз сарайға айналған.

Алматыдағы ортағасырлық стильдегі сарай
Алматыдағы ортағасырлық стильдегі сарай. Фото: kaz.nur.kz/Ардақ Құлтай

"Бұл учаскені тапқанымызда нағыз жұмақтай орынға айналдыруды ұйғардық. Бұл жерді бізге жеке тұлға емес, компания сатты. Сарайды салу балалық арманым. Ертегіні көп оқыған адаммын, есіңізде болса, "Ару мен Құбыжық" ертегісінде құбыжық қыздың көңілін табу үшін өз сарайындағы кітапханасын көрсететін. Сөрелері еденнен төбеге дейін кітапқа толған кітапханам болғанын қаладым", - дейді Ольга Шин.

Тұрғынның сөзінше, бұл сарай төрт қабаттан тұрады. Әр қабатында төбесінің биіктігі әрқилы, 7 метрден, 4 метрге дейін. Осындай егжей-тегжейін білуінің себебі Ольга бұл ғимараттың сызбасын өзі сызып, өзі суретін салып берген екен.

Жер аумағында сарай ғана емес, алма бағы, көлшік, тынығуға арналған көз тартар орындар бар.

Шабыт алу үшін Германияға арнайы барған

Алайда нысан құрылысы 15 жыл өтсе де, аяқталмаған. Бұған бірінші себебі қаражат болса, екіншіден, Ольга бұл өзінің шығармашылығы болғандықтан, асықпайтынын айтады.

"Осы сарайды тұрғызу үшін Германияға арнайы бардым. Қызым сонда тұрады. Жобаның негізгі шабыт көзі ретінде Германиядағы әйгілі Нойшванштайн қамалы алынды. Еуропада 5 мың сарай бар, ал соның 2 мыңы Германияда. Бұл бұрын вельмождардың, графтардың, князьдардың үйі болған, өте жоғары биікте салынған. Бір қызығы, сол сарайлар бірінен бірі өткен әдемі, бір-біріне мүлдем ұқсамайды. Солардың ең ұлысы, ең әсерлісі Нойшванштайн қамалы. Бұл Германияның туристер ең көп келетін жері. Ай сайын 5 миллион турист келеді екен. Алайда қыста бұл нысан жабық, ал жазда ашық болады. Салыстырмалы түрде бұл сарай жаңасы саналады, 19-ғасырдың нысаны.

Бұл қамалды ІІ Людовик салған екен. Германия мемлекет болып бірікпей тұрғанда Бавария жері, Бургингем жері сияқты бөлінген. Ал ел болып біріккенде бұл сарай Германияның ұлттық мақтанышына айналған", - дейді ол.

Сарайдың безендірілуі
Сарайдың безендірілуі. Фото: kaz.nur.kz/Ардақ Құлтай

"Сарай ғана емес, бағымыз да бар"

Алматыдағы нысанға оралсақ, кейіпкерімізден тіршіліктен ауып, балалық арманыңды орындауға 15 жыл уақыт арнау қалайша мүмкін болғанын сұрадық. Айтпақшы, 2009 жылдан бері нысан құрылысына Шин 250 мың доллар қаражат жұмсалғанын айтты.

"Ертегі мейірімділікті үйретеді. Ертегі тыңдап өскен адам дұрыс құндылық алып, дұрыс тәрбиемен өседі. Мен ертегіні солай түсіндім. Бүгінгі өмірімізде адамдарға мейірімділік жетіспейтін сияқты. Біз мына өмірімізде ақша, идея сияқты түсініктерге ғана емес, арманын орындауға көбірек көңіл бөлу керек сияқты. Сонда ғана мына әлемде соғыс болмайды, өшпенділіктен тыйыламыз.

Мен осы сарайды салып, алматылықтарға ертегі сыйлағым келді. Әсіресе балаларға бұл қанат сыйлап, дұрыс тәрбиемен өсуіне ықпал етеді", - деп бөліседі Ольга Шин өз философиясын.

Тұрғынның айтуынша, жазда бұл сарайда балаларға арналған көптеген іс-шара өткізіледі, ал қыста құрылысы жалғасады. Іс-шараның түріне шектеу жоқ, алуан түрлі идеясын айтып келген адамдардың да көптігі кейіпкерімізді таңғалдырған.

Сарайдың көшедегі көрінісі
Сарайдың көшедегі көрінісі. Фото: kaz.nur.kz/Ардақ Құлтай

"Мысалы бақты отбасымыз болып өзіміз өз қолымызбен отырғыздық. Әсіресе көктем мен жазда өте әдемі болады. Апорт алмасын өсіріп отырмыз, мысалы бұл бақта 32 ағаш, ал жаңа бақта 12 ағаш отырғыздық. Қазір жайқалып өсіп тұр. Ал көлшігімізде балықтар бар, оны арнайы әкеліп табиғатқа жібергенбіз", - дейді Ольга.

Ольганың айтуынша, бұл Германия, Тайланд елдеріндегі ғимараттардан шабыт алып жасалған нысан. Мәселен сыртқы безендіруіндегі айна жарықшақтары Тайландтағы ежелгі құрылыстардың айнасына ұқсатып жасалған.

Сарайдың кіреберісі
Сарайдың кіреберісі. Фото: kaz.nur.kz/Ардақ Құлтай

Алматыдағы жер сілкінісі әсер етті ме?

Қаңтарда, наурызда болған жер сілкіністері болғанда Ольга жанын шүберекке түйіп, ғимаратты тексеруге барыпты. Алайда сейсмолог мамандардың кеңесін тыңдай отырып салған нысан болғандықтан, ешқандай да қирау я жарық пайда болғанын байқамаған.

"Бетонын, арматурасын талапқа сай салғандықтан, аман қалды. Мысалы құрылыстағы әрбір бөлшегін тыңғылықты әзірледік. Мысалы тіпті әрбір үгітіндінің құрамын өзім жіті қадағалап, әсіресе беткі аймағына көңіл бөлдім.

Мысалы ғимарат ортағасырлық стильде болсын деп, көп ізденіп, көп әдебиет оқыдым. Тек табиғи материалдарды қолдануға тырыстым. Бұл тас, құм, цемент, ал жаңасынан тек заманауи желім қолданылды. Осы сарайды салып біткенше құрылыс академиясын оқып тастағандай болдым", - деп күледі кейіпкеріміз.

Сарайдың күмбезі
Сарайдың күмбезі. Фото: kaz.nur.kz/Ардақ Құлтай

Тұрғынның сөзінше, қауіпсіздік мәселесінде геометрияда ең мығым саналатын фигура – шаршы. Алматыдағы Сейсмология институтының мамандарының кеңесімен салынған соң, сейсмотұрақтылығы дәл осы шаршы конструкциясының арқасында қолжетімді болған екен. Ал қалғаны осы шаршы формаға бекітіліп, іргетастары берік бола түскен.

Үй ретінде салынды, бірақ...

"Бұл нысанды бірінші өзіміз тұратын үй ретінде салдық. Алайда енді нәтижесін көре отырып, бұл мекен алматылықтарға, әсіресе балаларға ертегі сыйлайтын орынға айналғанын қалап отырмыз. Мысалы нағыз ортағасырлық стильдегі ғимаратты көру үшін Германияға барып әуре болмай, біздің сарайды-ақ көрсе болады.

Алайда қаламызда осындай ғимарат салған мен ғана емес екенмін, бір телевизиялық бағдарламаға қонақ ретінде шақырғанда дәл осылай, бірақ өзгеше мәнерде салынған үйлердің барын көрдім. Иван Михаилович деген кісінің ерекше сәулет нысаны бар екен. Өте ескі заманның тас қамалдарына ұқсатып салынған құрылыс енді туристік мекен ретінде қарастырылып отыр екен. Ал таяуда маған Орал қаласынан бір тұрғын хабарласып, сарай салудың жай-жапсарын сұрастырды. Демек жұрт бұдан шабыт алып жатыр", - дейді Ольга Шин.

Сарайдың сыртқы безендіруі
Сарайдың сыртқы безендіруі. Фото: kaz.nur.kz/Ардақ Құлтай

Алғашында қамал отбасының жеке қажеттіліктеріне арналған болатын. Бірақ кейін Ольга оны балаларға арналған дамытушы орталыққа айналдыруды ұйғарды. Қамалдың қабырғаларында орыс халық ертегілерінің кейіпкерлері, Дисней мультфильмдерінің батырлары және қазақ эпосының кейіпкерлері бейнеленген. Ольганың арманы — қамалға кірген балалардың ертегі әлеміне енгендей сезінуі еді.

Ғимараттың сыртқы көрінісі
Ғимараттың сыртқы көрінісі. Фото: kaz.nur.kz/Ардақ Құлтай

Бүгінде бұл қамал әртүрлі іс-шараларды өткізуге, жалға алуға, сондай-ақ балалардың бос уақытын тиімді өткізуге арналған орталық ретінде белсенді қолданылады. Кейіпкеріміз бұл сарайдың Instagram-дағы парақшасын ашып, осында өткізген іс-шараларды көрсетіп отырады. Алматылықтар қызығып, аккаунтқа 7 мыңнан аса адам жазылып қойған.

Ольга Шиннің қамалы тек архитектуралық шедевр ғана емес, Алматының нағыз көрнекі орнына айналды. Ол ертегідей ғажайып әлемді сезінгісі келетін адамдарды баурап келеді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/2186633-balalyq-arman-almaty-turgyny-15-zhyldan-beri-zaulim-sarai-salyp-zhatyr/