Алматыдағы автобус апаты: зардап шеккендер қандай сақтандыру төлемдерін ала алады
Жарияланған күні:
22 желтоқсан күні Алматы қаласында автобустағы жанжалдың салдарынан жол-көлік оқиғасы болып, салдарынан бірнеше адам қайтыс болған еді. Жол-көлік апатынан көз жұмған тұлғалардың туыстары, сондай-ақ басқа да зардап шеккендер міндетті автосақтандыру шеңберінде сақтандыру төлемдерін алуға үміт арта алады. Бұл туралы "Евразия" СК атқарушы директоры Гүлназ Мұхтарова айтып берді.
Сақтандыру төлемдерінің мөлшері және оларды алу шарттары туралы "Евразия" СК атқарушы директоры Гүлназ Мұхтарова айтып өтті.
22 желтоқсан күні кешке Алматы қаласында №7 Қалалық клиникалық аурухананың жанындағы аялдамада 47-ші бағыттағы автобус адамдарды қағып кеткен. Апат салдарынан үш адам қаза тауып, тағы төртеуі ауруханаға жатқызылды, сондай-ақ төрт автокөлік зақымданған.
Адам қаза тапқан жағдайда міндетті автосақтандыру шеңберінде заңды асыраушысы бар адамдарға: әдетте кәмелетке толмаған балаларға немесе мүгедек ата-аналарға 2 мың АЕК немесе 6,9 млн теңге (2023 жылғы жағдай бойынша) мөлшерінде сақтандыру төлемі белгіленген. Сонымен қатар сақтандыру компаниясы жерлеуге жұмсалған шығындарды, сондай-ақ нақты шығыны шыққанын растайтын құжаттары бар тұлғаларға 100 АЕК немесе 345 мың теңге мөлшерінде өтейді.
Жол-көлік оқиғасынан зардап шеккен жаяу жүргіншілер де сақтандыру төлемдерін алады. Мүгедектік белгіленбесе де, денсаулығына зиян келген жағдайда зардап шеккендер емделуге жұмсалған нақты және құжатпен расталған шығындар үшін 300 АЕК-ке дейін немесе 1,035 млн теңгеге дейін өтемақы ала алады. Ал мүгедектік белгіленген жағдайда Заңда мынадай сақтандыру төлемдері көзделген:
- I топ – 1,6 мың АЕК, немесе 5,52 млн теңге;
- II топ – 1,2 мың АЕК, немесе 4,14 млн теңге;
- III топ – 500 АЕК, немесе 1,725 млн теңге.
Өмір мен денсаулыққа келтірілген зиянның мөлшері тиісті медициналық ұйымдар берген құжаттар негізінде айқындалады.
Жол-көлік оқиғасы салдарынан зақымданған автомобильдердің иелері 600 АЕК-ке дейін немесе 2,07 млн теңгеге дейін сақтандыру төлеміне үміт арта алады, бірақ сақтандыру төлемінің жалпы сомасы зақым келген барлық көлік құралына 2 мың АЕК-тен немесе 6,9 млн теңгеден аспайды. Шығын мөлшерін бағалаушы-маман анықтайды.
Барлық зардап шеккен тұлғаға, сондай-ақ сақтандыру төлемін алуға құқығы бар тұлғаларға автобус жүргізушісінің жауапкершілігі сақтандырылған сақтандыру компаниясына жүгіну қажет. Сақтандыру компаниясы туралы деректерді Алматы қаласының Полиция департаментінен, жол полициясы бөлімінен алуға болады.
Естеріңізге сала кетейік, сақтандыру төлемдерін делдалдарды қатыстырмай, сақтандыру компаниясына жеке жүгінген кезде дербес алуға болады. Ол үшін заңда белгіленген құжаттар пакетін жинау қажет. Әрбір сақтандыру жағдайы бойынша қажетті құжаттар туралы ақпаратты тікелей сақтандыру компаниясынан алуға болады.
"Евразия" СК қаза тапқандардың отбасыларына қайғырып көңіл айтады және ЖКО салдарынан зардап шеккендердің барлығына тезірек сауығып кетулерін тілейді.
*26.12.2022 жылы берілген ҚНРДА № 2.1.20 лицензиясы
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/2053851-almatydagy-avtobus-apaty-zardap-sekkender-qandai-saqtandyru-tolemderin-ala-alady/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.