"Баға 15 пайызға артады": сарапшылар 2025 жылы тұрғын үй нарығын не күтіп тұрғанын болжады
Жарияланған күні:

Ел халқының 60 пайызы қалада өмір сүреді. Алдағы 5 жылда олардың саны тағы 13 пайыз өседі деген болжам бар. Бұл - қаладағы тұрғын үйге сұраныс артады деген сөз. Осы орайда "ҚазАқпарат" пәтер бағасына қатысты сарапшылардың болжамын назарға ұсынды.
Лев Тетиннің болжамы
Инвестиция және тұрғын үй нарығының халықаралық сарапшысы Лев Тетиннің мәліметіне сенсек, бүгінгі таңда өткен жылдың қорытындысы бойынша мегаполистердегі орташа көрсеткіш (шаршы метрдің бағасы) мынандай:
- Алматы - 750 мың теңге
- Астана –540 мың теңге
- Шымкент – 420 мың теңге.
2025 жылға болжам
"Биылға жоспарланған жаңа жобалар саны аз. Бұл ұсыныс санының төмендейтінін білдіреді. Үкімет биыл 19 млн шаршы метрді пайдалануға беріп, алдыңғы жылғы көрсеткішті қайталауды тапсырғанымен, менің ойымша, көрсеткіш төмен болады. Бәлкім 15, мүмкін 14 млн шаршы метр деңгейінде болар...
2024 жылы жалпы ипотекалардың көлемі 31 пайыз болған, биыл онда аздаған өсім тіркеліп, 35 пайызды көрсетеді деп ойлаймын, яғни ипотекалық кредиттеу көрсеткіші аз болса да өседі.
Сұраныстың өсуі, құрылыстың өзіндік құнының жоғарылауы және ұсыныстың төмендеуінің әсерінен 2025 жылы тұрғын үй бағасы 15 пайыз артады деп болжап отырмыз", - дейді Тетин.
Виктор Микрюковтің болжамы
Ал Қазақстан құрылысшылар қауымдастығының президенті Виктор Микрюков алдағы уақытта құрылыс саласында бірнеше "күйзеліс" болуы мүмкін екенін айтып отыр.
"Оның бірі - базалық құнға салық салынуы. Екіншісі – инфрақұрылымдық алымның енгізілуі. Бұл екеуі де енгізіле ме, әлде бірі ғана енгізіле ме, ол жағы нақты емес. Тұрғын үй бағасы осы екі түзетудің енгізілу-енгізілмеуіне тікелей байланысты қалыптасады...
Ұлттық валюта бағамын да ескеруіміз керек. Теңге құнсыздана түссе немесе нығайса, ол да бағаға әсер етеді. Егер ешқандай "күйзеліс" болмаса, өсім өткен жылғы деңгейде болады деп болжаймыз. 0,5 немесе 1 пайыз шамасындағы өсім — қалыпты, заңдылықтарға сай өсім дер едім...
Бірінші нарыққа 16 пайыз ҚҚС салынса, онда жаңа үйлер бірден 14 пайызға қымбаттайды. Осының артынан екінші нарықтағы үйлердің де бағасы көтеріледі. Себебі, жаңа үй неғұрлым қолжетімсіз болса, екінші нарыққа сұраныс артып, оның да бағасы өседі.
2025 жылға болжам
"Қосылған құн салығы салынбаса, құрылыс қарқыны осы бағытынан танбаса, жыл соңына дейін баға 9 пайыз шамасында өседі деп отырмыз. Себебі, нарықта аса бір белсенділік жоқ", - дейді Микрюков.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/economy/2221005-baga-15-paiyzga-artady-sarapshylar-2025-zhyly-turgyn-ui-narygyn-ne-kutip-turganyn-bolzhady/