Қаржы

Зектілері

Уақыт белдеуінің өзгеруі Қазақстан экономикасына қалай әсер етеді

Жарияланған күні:

Уақыт белдеуі
Уақыт. Көрнекі сурет: pixabay.com

Үкіметтегі брифингте сауда және интеграция министрі уақыт белдеуінің ауысуы сауда-саттыққа, жалпы еліміздің экономикасына қалай әсер ететіні жөнінде өз ойын бөлісті. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ тілшісі хабарлайды.

"Тауар айналымының жаңа деректерін қарап көрдік – біздегі көтерме және бөлшек сауда 2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда шамамен 1,1 пайызға өсті. Пайыздық мәнде ауыз толтырып айтарлық жетістік болмаса да, абсолютті мәнде миллиардтаған теңге пайда көрдік.

Ішкі тауар айналымы да өсті. Экспортқа келетін болсақ, 9 айдың ішінде бізде шамамен 9,8 пайыз өсім байқалады. Сондықтан уақыттың өзгеруі саудаға теріс әсерін тигізді деуге келмейді, қайта сауда-саттықтың жанданып жатқанын көруге болады. Болашақта осы қарқыннан таймаймыз деген үміттемін", - деді Шаққалиев.

Үкімет қазіргі UTC+5 біртұтас уақыт белдеуіне көшуді тарихқа бет бұру деп бағалап, UTC+6 белдеуі сонау КСРО кезінде енгізілгенін алға тартады.

Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиевтің айтуынша, Табиғи уақытты қолдаушылардың халықаралық альянсы (IANT) Қазақстанның орталық және шығыс аймақтары үшін UTC+5 уақыт белдеуін белгілеу туралы үкіметтің шешіміне оң пікір білдірген.

Премьер-министр Олжас Бектенов үкіметтің Қазақстанның біртұтас уақыт белдеуі туралы қазіргі шешімін қолдайтынын айтып, қарамағындағыларға анық түсіндіру жұмыстарын жүргізуді тапсырған.

Қазақстанда биыл 1 наурызда бірыңғай уақыт белдеуіне көшіп, еліміздің бірнеше өңірінде уақыт бір сағатқа артқа жылжыды. Атап айтқанда, Астана, Алматы, Шымкент қалаларында, Ақмола, Алматы, Жамбыл, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Түркістан, Шығыс Қазақстан, Абай, Жетісу, Ұлытау облыстарында жергілікті уақыт бір сағатқа артқа қойылды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/nurfin/stock/2189598-uaqyt-beldeuining-ozgerui-qazaqstan-ekonomikasyna-qalai-aser-etedi/