RU

АҚШ-тағы сайлау: Байден өзінің жеңетініне сенімді екенін мәлімдеді (видео)

Джо Байден
Джо Байден. Фото: Kevin Dietsch/UPI/Bloomberg via Getty Images

Демократиялық партияның атынан ұсынылған үміткер Джо Байден өзінің туған жері Делавэр штатында сөз сөйледі. Ол өзінің жеңісіне сенімді екенін мәлімдеді.

Джо Байден Делавэрде қысқа ғана сөз сөйледі. Ол нәтижелерді күте тұруға тура келетіндігін атап өткен. Себебі, сайлау күнінде нақты дауыс санын кей штаттар жариялап үлгермейтін болып шықты.

"Мен де, Трамп та кім жеңгенін жариялай алмайды", - деді Байден.

Ол сайлауға атсалысып жатқандардың барлығына және еріктілерге ризашылығын білдіріп, алғыс айтты.

"Сенімді болыңыз, біз жеңеміз. Мен жеңіске жетелейтін жолда екенімізге сенемін", - дейді Байден.

Джо Байден Висконсин, Мичиган және Пенсильваниядағы нәтижелерге зор үміт артып отырғанын жасырмады.

Еске салсақ, АҚШ-та болашақ президентке дауыс беру 3 қарашада ресми түрде басталды. Мемлекет басшысы лауазымына республикалық партия атынан Дональд Трамп пен демократиялық партия атынан Джозеф Байден кандидат болып отыр.

Соңғы мәліметтерге сәйкес, Джо Байден көш бастап келеді. Ол 238 дауыс, ал Дональд Трамп 213 дауыс жинаған. Олардың әрқайсысында жеңуге мүмкіндік бар.

Трамп Пенсильвания (20 сайлаушы), Аляска (3 сайлаушы), Джорджия мен Мичиганда (16 сайлаушы), Солтүстік Каролинада (15) және Висконсинда (10) алда келеді. Ал Джо Байден Невадада (6 сайлаушы) алда.

Fox News ақпарынша, сайлаушылардың соңғы дауысы түгелдей дерлік Дональд Трампқа берілуі мүмкін.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1883022-aks-tagy-sajlau-bajden-zini-zeetinine-senimdi-ekenin-mlimdedi-video/