RU

Назарбаев "елде демократия жоқ" дейтіндерге жауап берді

Фото
Фото: Elbasy.kz

Қазақстанның тұңғыш президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев "Нұр Отан" партиясының кезектен тыс XX съезінде "елде демократия жоқ" деп сынайтын азаматтарға жауап берді деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

"Мәселен, бізді кейде сынайды. Біздің демократиямыз Батыстағыдай, Америка, Германия, Франциядағыдай бола қалу керек екен. Біз соған қарай жүріп келеміз. Бірақ ол үшін экономиканың 60-70 пайызы жеке меншікте болуы керек. Америка экономикасының 90 пайызы жеке меншіктің қолында, ол жерде мемлекет жоқ, Германияда 80 пайызы – шағын және орта бизнестің қолында. Ал бізде небәрі 25-30 пайыз. Экономиканың 60-70 пайызы  бизнестің қолында болса, ол адамдардың өз үйі, жұмысы, бизнесі, активі болса, ол соны қорғағысы келеді. Сол активті қорғайтын мемлекет болса екен дейді",  - деді Елбасы. 

Назарбаев нағыз демократиялы ел саналатын АҚШ-тың өзінде бәрі керемет емес екенін атап өтті.

"Несін айтасың, қазіргі уақытта АҚШ-та да, мысалы сайлау кезінде демократтар ЕҚЫҰ бақылаушыларын мүлде кіргізбей қойды. Егер бізді сынаса, неге өз жерлерінде осындай тәртіпсіздіктер орын алады? Таяқтың екі ұшы бар деген осы. Бір ай бойы Беларусьті де сынады. Дәл осындай жағдай Болгарияда да болды, алайда, неге екені белгісіз, біз еш жерден бұл жайлы естіген жоқпыз", - деді ол. 

Біз азат, нарықтық экономикасы бар, демократияны дамыту бағытын ұстанған мемлекет құрғанымызды мақтан етеміз. Бірақ, әр нәрсенің өз уақыты бар. Біз үшін демократия жолдың соңы емес, басы. Біз соған қарай бет алдық, деп түйіндеді Елбасы.

Еске сала кетсек, осыған дейін Нұр-Сұлтанда Елбасының қатысуымен Nur Otan партиясының съезі басталғанын жазған едік.

Жиынға партияның орталық және жергілікті органдарының басшылары, депутаттар, үкіметтік емес ұйымдар, қоғамдық бірлестіктердің өкілдері, журналистер бейнеконференция арқылы қосылып отыр.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1886418-nazarbaev-elde-demokratia-zok-dejtinderge-zauap-berdi/