Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Amazon, Epson, Caterpillar және Sony компаниялары Ресей аумағында жұмысын тоқтатты

Опубликовано:

Амазон компаниясы
Илюстрациялық сурет: pixabay.com

Amazon, Epson, Caterpillar және Sony компаниялары Ресей аумағында өз жұмысын тоқтататынын мәлімдеді. Ал Hilton, Hyatt желілері болса аталған елде жаңа қонақ үй салмайтын болды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі. 

Amazon компаниясының сайтында Украинадағы әскери іс-әрекеттерге байланысты Ресей мен Беларусь аймағында өз жұмысын тоқтатқаны туралы ақпарат берілген. 

"Біз Ресей мен Беларусь клиенттеріне бөлшек сауда өнімдерін жеткізуді тоқтата тұруды ұйғардық. Енді Ресей мен Беларусь мемлекетінен жаңа AWS клиенттерін және Amazon үшінші тарап сатушыларын қабылдамаймыз", - делінген хабарламада. 

Одан бөлек, Ресей тұрғындарына Prime Video видеохостингіне шектеу қойылады. Сондай-ақ, тұрғындар New World ойынын сатып ала алмайды. 

Amazon компаниясы Ресей аймағында өздерінің дата-орталықтары, инфрақұрылымы және кеңселері жоқ екенін атап өтті. Өйткені компания "ресейлік үкіметпен іс жүргізбеудің байырғы саясатын ұстанатын" көрінеді. Компания Украинаға көмек ретінде бес миллион доллар жібергенін атап өтті. 

Принтер, сканер және басқа электр тауарларын шығаратын жапондық Epson компаниясы өз сайтында Ресей мен Беларусь еліне өнімдерін тасымалдауды тоқтатқанын хабарлады. 

"Өз саясаты аясында <...> Epson адам құқығын құрметтеуге ұмтылады. Соған орай біз өз өнімдерімізді Ресей мен Беларусь елдеріне экспорттауды тоқтата тұруға шешім қабылдадық", - делінген компания таратқан хабарламада.

Одан бөлек, Epson Украинада зардап шеккендерге көмектесу үшін миллион доллар көмек беретінін мәлімдеді.

Sony Group компаниясының еншілес компаниясы Sony Interactive Entertainment (SEE) Украинадағы соғысқа байланысты Ресейге жеткізуді және PlayStation Store жұмысын тоқтатты, деп CNBC хабарлайды.

"Sony PlayStation бөлімшесі Ресейге барлық бағдарламалық жасақтама мен жабдықты жеткізуді тоқтатты. PlayStation Store бұдан былай елде қол жетімді болмайды", - делінген компания хабарламасында.

РИА Новости құрылыс және тау-кен техникасын өндірумен айналысатын американдық Caterpillar компаниясы Ресейдегі зауыттарының жұмысын тоқтатқаны туралы жазды.

"Ресейдегі қызмет күрделене түсуде, оның ішінде жеткізілім тізбегі мен санкциялар да бар. Соған байланысты біз Ресейдің өндірістік кәсіпорындарындағы жұмысты тоқтата тұрамыз", – деп мәлімдеді компания.

Hilton және Hyatt қонақүйлер желісі Ресейде жаңа қонақ үйлер ашу қызметінің тоқтатылғаны туралы хабарлады. РИА Новости хабарлағандай, Хилтон Ресейдегі жұмысынан алған пайдасын Украинаға гуманитарлық көмекке бағыттауға ниетті.

"Біз Мәскеудегі корпоративтік кеңсемізді жауып тастадық. Жағдай әсер еткен барлық қызметкерлер үшін жұмыс пен жалақыны жалғастыруды қамтамасыз етеміз", – делінген компания хабарламасында.

Сонымен қатар Hyatt желісі Ресейдегі жаңа қызмет пен кез келген жаңа инвестицияны тоқтататынын мәлімдеді. Одан бөлек Discovery Ресейде хабар таратуды тоқтататыны белгілі болды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1959987-amazon-epson-caterpillar-zane-sony-kompaniyalary-resei-aumagynda-zumysyn-toqtatty/

pixel