Қазақстан Түркияға 55 тонна гуманитарлық көмек жібереді
Жарияланған күні:

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес Қазақстан Түркияға қосымша гуманитарлық көмек көрсетеді. Бұл туралы үкімет Telegram-дағы ресми арнасында хабарлады.
Бұл мәселе премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Склярдің төрағалығымен өткен Үкіметтік комиссияның отырысында талқыланған.
Атап айтқанда, гуманитарлық көмекте жалпы салмағы шамамен 55 тонна болатын киім-кешек (жылы күртешелер мен шалбарлар), қысқы шатырлар, металл кереуеттер, төсек-орын жабдықтары және басқа да күнделікті қолданысқа қажетті заттар бар.
Үкімет бұл жүктер әуе көлігімен Түркияның Газиантеп қаласына жөнелтілетінін хабарлады.
Еске сала кетейік, 6 ақпан күні Түркияның оңтүстік-шығысында жойқын жер сілкінісі болды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркия президенті Режеп Тайип Ердоғанға көңіл айтып, үкіметке Түркияға шұғыл көмек көрсетуді тапсырды.
7 ақпан күні президент тапсырмасымен қазақстандық құтқарушылар мен медицина қызметкерлерінің алғашқы тобы көмек көрсету үшін Түркияның жер сілкінісі болған аймағына аттанды. 8 ақпанда апат болған аймаққа қазақстандық құтқарушылардың екінші тобы барды.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметке Түркияға шұғыл көмек ретінде 1 миллион доллар бөлуді, зардап шеккен Сирияға 50 тонна гуманитарлық көмек жіберуді тапсырды.
Сонымен қатар Қазақстан тұрғындары да, Түркиядағы Қазақстан азаматтары да зілзаладан зардап шеккендерге көмек көрсетуде белсенділік танытуда.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/2009459-qazaqstan-turkiyaga-55-tonna-gumanitarlyq-komek-ziberedi/