Қызылорда облыстық полиция департаментіне жаңа басшы тағайындалды
Жарияланған күні:

Серік Ергешов Қызылорда облыстық полиция департаментінің жаңа бастығы болып тағайындалды. Бұл туралы облыстық әкімдікке сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ хабарлайды.
Әкімдіктің Instagram-дағы ресми арнасында жарияланған ақпаратқа сүйенсек, өңірде облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен ішкі істер органдарындағы кадрлық өзгеріске орай актив өтті. Жиында аймақ басшысы Қызылорда облыстық полиция департаментінің жаңа бастығы Ергешов Серік Жүрсінбайұлын таныстырды.
"Мемлекет басшысы "Қылмыспен күресу және қоғамдық тәртіпті сақтау – аса маңызды міндет. Бұл – жауапкершілігі өте үлкен жұмыс. Еліміздің әрбір азаматы өзін қауіпсіз сезінуге тиіс. Ол үшін құқық қорғау жүйесі үйлесімді әрі тиімді жұмыс істеуі қажет" деп атап өткен болатын.
Полиция органдарының жұмысын күшейту, қоғамдық қауіпсіздікті сақтау, құқық қорғау саласында пәрменді шаралар қабылдау басшылық құрамның нәтижелі іс-қимылына тікелей байланысты.
Ішкі істер органдары – қоғамда құқық тәртібін, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін маңызды құрылымдардың бірі. Әсіресе, сақшылардың кәсіби қызметі – зор жауапкершілігімен, тәуекелшілдігімен, қиындыққа төтеп беретін төзімділігімен ерекше құнды әрі мәртебелі.
Бізге қоғам тыныштығын күзетіп, қиын жағдайда шұғыл әрі батыл шешім қабылдап, қызметтік парызын адал атқара алатын полиция қызметкерлері керек. Құқық қорғау органдарының жұмысын жүйелі әрі оңтайлы ету үшін әкімдік тұрақты қолдау көрсетіп келеді. Жауапкершілігі зор, күрделі салада Серік Жүрсінбайұлының білімі мен біліктілігі, кәсібилігі, пайымды басшылығы, жинақтаған мол тәжірибесі жетеді деп санаймыз", - деді Н.Нәлібаев.
Серік Ергешов 1979 жылы дүниеге келген. Еңбек жолын 1996 жылдан ішкі істер органдарында бастаған. Ұзақ жылдар бойы ОҚО ІІД Шымкент қаласының ішкі істер басқармасында түрлі басшылық қызметтер атқарған. 2019 жылдан Шымкент қаласы полиция департаменті бастығының орынбасары болған.
Айта кетейік, 2023 жылдың мамыр айынан Қызылорда облыстық полиция департаментінің бастығы қызметін атқарған Махсудхан Аблазимов Ішкі істер министрінің бұйрығымен құрметті зейнет демалысына шықты.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/appointments/2211045-qyzylorda-oblystyq-politsiia-departamentine-zhanga-basshy-tagaiyndaldy/