Саясат

Зектілері

Сенат әділет министрі Ерлан Сәрсембаевты судья қызметінен босатты

Жарияланған күні:

Читать на русском
Ерлан Сәрсембаев
Ерлан Сәрсембаев. Фото: gov.kz

Сенат отырысында депутаттар Ерлан Сәрсембаевты Әділет министрі болып тағайындалғандықтан Конституциялық сот судьясы қызметінен босатуға дауыс берді. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ хабарлайды.

"Ерлан Сәрсембаев президент Жарлығымен әділет министрі болып тағайындалды. "Қазақстан Республикасының Конституциялық соты туралы" конституциялық заңға және Сенат регламентіне сәйкес оның Конституциялық соттың судьясы өкілеттігін тоқтату туралы қаулы қабылдау қажет", - деді сенат спикері Мәулен Әшімбаев.

Конституциялық заңнама және сот жүйесі комитеті де өз қорытындысында сенатқа Сәрсембаевтың судьялық өкілеттігін тоқтатуды ұсынды. Депутаттар қолдап дауыс берді.

Айта кетейік, Сәрсембаев 2023 жылдың қаңтарынан бастап Конституциялық соттың судьясы қызметін атқарған.

"Параграф" сайтындағы ақпаратқа сәйкес, Ерлан Сәрсембаев 1975 жылы туған. Алматы энергетика және байланыс институтын, Дінмұхамед Қонаев атындағы гуманитарлық университетті бітірген. Мамандығы – радиоинженер, заңгер.

Қорғаныс министрлігінде офицер, аға офицер, бөлім бастығы қызметтерін атқарып, Қазақстан Республикасының арнаулы мемлекеттік органдарында қызмет етті.

Премьер-министр кеңсесінде және сенат аппаратында түрлі басшылық қызметте жұмыс істеді. Ол сондай-ақ сенат аппаратының Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетімен өзара іс-қимыл бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарды.

Еске салайық, 9 қаңтарда Ерлан Жақсылықұлы Сәрсембаев әділет министрі лауазымына тағайындалды.

Бұған дейін президент жарлығымен әділет министрі қызметін атқарған Азамат Есқараев лауазымынан босатылған болатын.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/appointments/2212178-senat-adilet-ministri-erlan-sarsembaevty-sudia-qyzmetinen-bosatty/