Тоқаев Қазақстанның Украинадағы жаңа елшісін тағайындады
Жарияланған күні:

Қазақстанның Украинадағы төтенше және өкілетті елшісі болып Төлежан Барлыбаев тағайындалды, деп хабарлайды Ақордаға сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.
"Мемлекет басшысының жарлығымен Төлежан Тұрсынұлы Барлыбаев Қазақстан Республикасының Украинадағы төтенше және өкілетті елшісі лауазымына тағайындалды", - делінген хабарламада.
Төлежан Барлыбаев бұл қызметі 2020 жылғы ақпаннан бері атқарып келген Дархан Кәлетаевты алмастырды. Кәлетаев президент жарлығымен лауазымынан босатылды.
Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің Telegram-дағы арнасында жарияланған мәлімет бойынша, Төлежан Барлыбаев 1970 жылғы 26 қарашада Теміртау қаласында дүниеге келген. 1992 жылы Ресей мемлекеттік гуманитарлық университетін тәмамдаған.
Еңбек жолын 1993 жылы Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің Орталық аппаратында Баспасөз, мәдени ынтымақтастық және ЮНЕСКО істері басқармасының референті ретінде бастаған.
Қазақстанның Украина, Польша мен Нидерландтағы елшіліктерінде жұмыс істеген. Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің Еуропа және Америка департаментінің бөлім бастығы, сыртқы істер министрі Хатшылығының бөлім бастығы, сондай-ақ Қазақстан сыртқы істер министрінің Хатшылығын басқарған. 2007-2012 жылдары және 2014-2016 жылдары Президент әкімшілігінің Сыртқы саясат орталығында жұмыс істеген.
2017 жылдан 2024 жылға дейін Қазақстанның Хорватиядағы елшісі, сонымен қатар Черногория, Босния және Герцеговинадағы елшісі қызметін қоса атқарушы, кейін Қазақстанның Словакиядағы елшісі болған.
Қазақстанның Украинадағы елшісі болып тағайындалғанға дейін 2024 жылғы қарашадан бастап Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің Сыртқы саяси талдау және стратегиялық жоспарлау департаментінің директоры қызметін атқарған.
І сыныпты төтенше және өкілетті уәкіл дипломатиялық дәрежеге ие.
Ағылшын және поляк тілдерін меңгерген.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/appointments/2236626-qazaqstannyng-ukrainadagy-totenshe-zhane-okiletti-elshisi-tagaiyndaldy/