Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі Ресей елшісін не үшін шақырғанын түсіндірді
Жарияланған күні:

Еліміздің Сыртқы істер министрлігі Ресейдің Қазақстандағы елшісі Алексей Бородавкинмен болған әңгіменің жай-жапсарын айтты, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қазақстан Сыртқы істер министрлігі өкілдерінің хабарлауынша, елші ведомствоға маңызды мәселе бойынша шақырылған.
"Біз Ресей Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Мария Захарованың тең құқылы стратегиялық серіктестік рухына сәйкес келмейтін мәлімдемесін талқыладық. Әңгімелесу күрделі болды", - деп хабарлады ведомстводағылар.
Еске сала кетейік, жақында Қазақстанның Ресейдегі елшісі Ермек Көшербаев Ресей Сыртқы істер министрлігіне шақырылған болатын. Бұған Украинаның Қазақстандағы елшісі Петр Врублевскийдің Қазақстанға оралуы себеп болған.
Айта кетейік, Петр Врублевский тамыз айында отандық блогерлердің біріне сұхбат беріп, басы дауға қалған еді. Оның сөзі Қазақстан халқы Ассамблеясы өкілдері тарапынан да сынға ұшырады. Сол уақытта Врублевский еліміздің Сыртқы істер министрлігіне шақырылып, өз сөзі үшін кешірім сұраған болатын.
Қыркүйек айында Айбек Смадияров Украинаның Қазақстандағы елшісі Петр Врублевский демалыста екенін, қазақстандық тарап елшіні елден шығару туралы талап қоймағанын, қазір ол өз қызметін жалғастыру мәселесі бойынша кеңес алып жатқан болуы мүмкін екенін атап өткен еді.
Таяуда Ресей Сыртқы істер министрлігі Петр Врублевский Астанаға қайта оралғанын айтып, Қазақстанның Ресейдегі елшісі Ермек Көшербаевты Ресей Сыртқы істер министрлігіне шақырған болатын.
Осыдан кейін еліміздің Сыртқы ведомствосы Көшербаевтың Ресей Сыртқы істер министрлігіне шақырылуына қатысты жағдайға пікір білдірді.
Ведомствоның ресми өкілі Айбек Смадияров бұл қалыпты дипломатиялық тәжірибе екенін, Ресейдің Қазақстандағы елшісі де еліміздің Сыртқы істер министрлігіне шақырылғанын, ол жерде Ресей СМІ-нің ресми өкілі Мария Захарованың мәлімдемесі, Ресей жағының Украина елшісіне қатысты талаптары талқыланатынын хабарлаған еді.
Сондай-ақ Айбек Смадияров Мария Захарованың мәлімдемесі Қазақстан мен Ресейдің тең құқылы стратегиялық серіктестер ретіндегі одақтастық қатынастарының сипатына қайшы келетінін айтқан болатын.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/kazakhstan/1991410-qazaqstannyn-syrtqy-ister-ministrligi-resei-elsisin-ne-usin-saqyrganyn-tusindirdi/