jitsu gif
    Бізбен бірге қатарынан болған күндеріңіз
    Айзат Ермекқызы
    Бұрынғы қызметкер

    Түркиядағы іздестіру-құтқару жұмыстарына қатысқан барлық қазақстандық құтқарушыға сыйақы төленеді

    Қазақстандық құтқарушылар
    Түркияда апат салдарын жоюға атсалысқан құтқарушылар. Фото: t.me/qr_tjm

    Төтенше жағдайлар вице-министрі Ибрагим Күлшімбаев Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте жойқын жер сілкінісі болған Түркияда іздестіру-құтқару жұмыстары қалай жүргізілгені туралы баяндама жасады, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

    Вице-министрдің сөзінше, құтқарушылар инженерлік техниканы, апаттық-құтқару құралдарын пайдалана отырып, 252 мың текше метрден астам жерді алып жатқан алты ғимарат үйіндісінде іздестіру-құтқару жұмыстарын жүргізген.

    Сонымен қатар ол құтқарушылардың жұмыс істеуіне ауа райының қолайсыздығы, 5 балға дейінгі жерасты дүмпулері қиындық тудырғанын атап өтті.

    Ибрагим Күлшімбаевтың айтуынша, іздестіру-құтқару жұмыстары кезінде 7 мыңнан астам афтершок тіркелген.

    "Газиантеп, Хатай және Кахраманмараш облыстарының орталығында іздестіру-құтқару жұмыстары кезінде біздің мамандар түрік құтқарушыларымен бірлесе отырып, жеті адамды құтқарды. Үйінділердің астынан 88 адамның, оның ішінде 10 баланың денесін алып шықты", - дейді спикер.

    Сондай-ақ вице-министр мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша апат аймағына салмағы 55 тоннаны құрайтын гуманитарлық көмек (зардап шеккендерге шатырлар, биотуалеттер, көрпелер және басқа да қажетті құрал-жабдықтар) жеткізілгенін айтты.

    Одан бөлек вице-министр Төтенше жағдайлар министрлігінің Ардагерлер кеңесі көмек көрсету мақсатында Кахраманмарашқа қосымша 10 киіз үй жібергенін айта кетті.

    "Осыған дейін мемлекет басшысы Түркиядағы іздестіру-құтқару жұмыстарына қатысқан барлық құтқарушыны марапаттауды тапсырған болатын. Бүгінгі таңда Төтенше жағдайлар министрлігі құтқарушылардың тізімі мен барлық қажетті құжатты Президент әкімшілігіне жолдады", - дейді ол.

    Ибрагим Күлшімбаевтың сөзінше, министрлік сыйақыны ведомство бюджетінен төлейді.

    "Апат аймағынан соңғылардың бірі болып қазақстандық құтқарушылар кетті. Бізге дейін 7-8 ақпанда басқа елдердің құтқарушылары кетіп қалған болатын. Біз құтқару жұмыстары толық аяқталған соң ғана кеттік. Қазір жергілікті атқарушы органдар құтқару емес, тазалау жұмыстарымен айналысып жатыр", - дейді ол.

    Еске сала кетейік, бұған дейін құтақарушы Думан Камзин Түркиядағы іздестіру-құтқару жұмыстары кезіндегі ерекше оқиғаны айтып берген еді.

    Ол әріптесі екеуі Нурдагы қаласындағы қиранды астынан мылқау ер адамды кездейсоқ тауып алған.

    Түркиядағы іздестіру-құтқару жұмыстарына қатысқан барлық қазақстандық құтқарушыға сыйақы төленеді

    Барлығын бірінші болып біліп отырыңыз

    Бізге жазылып, Қазақстанның өзекті жаңалықтарынан, қызықты суреттер, видеолар мен эксклюзивтерден хабардар болыңыз.

    Instagram