Саясат

Зектілері

Депутат кешірім жасау жөніндегі комиссия Мәсімовке рақымшылық жасаудан бас тартқанын мәлімдеді

Жарияланған күні:

Кәрім Мәсімов
Кәрім Мәсімов. Фото: gov.kz

Президент жанындағы Кешірім жасау мәселелері жөніндегі комиссия мүшелері мемлекет басшысына Кәрім Мәсімовке кешірім беруден бас тартуды ұсынды. Бұл туралы депутат Марат Бәшімов Facebook-тегі парақшасында хабарлады, деп жазады KAZ.NUR.KZ.

Депутат Марат Бәшімов Президент жанындағы азаматтарға кешірім жасау жөніндегі комиссия отырысы өткенін мәлімдеді.

"Комиссияның соңғы отырысында кешірім жасау туралы кейбір материалдар алдын ала қаралды. Мерзімді екі жылға қысқарту бойынша да оң ұсыныстар қарастырылған. Журналистердің К. Мәсімовке кешірім беру мәселелерін қарау туралы сұрақтарына жауап бере отырып, комиссия кешірім беруден бас тартуды ұсынды", - деді Бәшімов.

Сонымен қатар мәжіліс депутаты Абзал Құспан да: "Президент жанындағы азаматтарға кешірім жасау комиссиясы Кәрім Мәсімовке кешірім беруден бас тартты", - деп жазды Facebook-тегі парақшасында.

Бұл комиссияның ұсынысы бойынша негізгі шешімді мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қабылдайды.

Еске сала кетсек, бұған дейін Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы басшысы Кәрім Мәсімов биыл наурыз айында президенттен кешірім сұрағаны белгілі болған еді.

Айта кетейік, 2022 жылғы 6 қаңтарда Кәрім Мәсімов ҰҚК басшысы қызметінен босатылып, кейін ол мемлекетке опасыздық жасады деген күдікпен ұсталғаны белгілі болды.

Ал 2023 жылғы 24 сәуірде Астана сотында Кәрім Мәсімовке қатысты сот үкімі шыққанын хабарлаған едік. Ол 18 жылға сотталды. Сотта Мәсімов пен оның орынбасары Садықұловқа мемлекетке опасыздық жасау (175-баптың 1-бөлігі), билікті күшпен басып алу (179-баптың 3-бөлігі) және билік пен лауазымдық өкілеттігін (Қылмыстық кодестің 362-бабының 4-бөлігінің 3-тармағы) асыра пайдалану бойынша кінәлі деп танылды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/kazakhstan/2125695-prezident-zhanyndagy-azamattarga-keshirim-zhasau-zhonindegi-komissiia-karim-masimovke-keshirim-beruden-bas-tartty/