"Самұрық-Қазына" АҚ компаниялары тобында 700-ден астам қызметкер қысқартылмақ
Жарияланған күні:
"Самұрық-Қазына" АҚ компаниялары тобы қызметкерлер санын оңтайландыру аясында 729 адамды қысқартпақ, деп хабарлайды холдингтің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.
"Самұрық-Қазына" АҚ-ның баспасөз қызметі NUR.KZ тілшесіне хабарлағандай, Астана қаласы бойынша әкімшілік-басқарушылық қызметкерлер санын оңтайландыру аясында "Самұрық-Қазына" АҚ компаниялары тобында 729 адамды (немесе 11 пайыз) қысқарту жоспарланған.
"Қысқартылатын қызметкерлердің орташа айлық жалақысы 762 мың теңгені құрайтынын ескере отырып, 2026 жылдың 9 айында адам санын қысқарту нәтижесіндегі тиімділік шамамен 5 млрд теңге деп күтіледі.
Өтемақы төлемдері Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес (бір орташа айлық жалақы мөлшерінде), сондай-ақ жұмыс берушілер мен компания қызметкерлері арасындағы қолданыстағы ұжымдық шарттар/келісімдер аясында жүзеге асырылады.
Бұл да оңтайландыру нәтижесіндегі көрсеткіштерге әсер етуі мүмкін", - делінген хабарламада.
Естеріңізге сала кетейік, 10 ақпанда үкіметтің кеңейтілген отырысында президент Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық компаниялардың кейбір қызметкерлерін қатаң сынға алған еді.
"Самұрық-Қазына" қоры және ұлттық компаниялардың басшыларымен қатаң әңгіме болды.
Компаниялардың құрылымын түбегейлі қайта қарап, жаңа заманға бейімдеу керек. Қосшыдан басшы көп. Басшылық құрамы ел айтып жүргендей "сол жағалаудың" адамдарына толып қалған.
Олардың жұмысқа көміліп жатқан ештеңесі жоқ. Кейде не істерін білмей, әлеуметтік желілерде әркіммен пікір таластырып отырады. Бұл түбі жақсылыққа апармайды", - деген болатын мемлекет басшысы.
Кейін "Самұрық-Қазына" басшысы Нұрлан Жақыпов журналистерге қордың Астанадағы штаты президент сынынан кейін 10 пайызға қысқаратынын айтты.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/politics/kazakhstan/2359945-samuryq-qazyna-aq-kompaniialary-tobynda-700-den-astam-qyzmetker-qysqartylmaq/