ҚТЖ-ға жаңа басшы тағайындалды: 39 жастағы Отыншиев туралы не білеміз
Жарияланған күні:
Бүгін, 20 шілдеде Отыншиев Елжас Мұратұлы "Қазақстан темір жолы" ҰК" АҚ Басқарма төрағасы болып тағайындалғаны белгілі болды. Бұл туралы "Самұрық қазына" АҚ ресми сайтында хабарланды.
Еске салсақ, 8 шілдеде Талғат Алдыбергенов "Қазақстан темір жолы" ұлттық компаниясының басқарма төрағасы лауазымынан босатылғанын жазған едік. Сол күні "Самұрық-Қазына" баспасөз қызметінің өкілдері "Қазақстан темір жолы" ҰК" АҚ басқарма төрағасының міндетін атқарушы қызметіне 2022 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін өндірістік процестер жөніндегі басқарушы директор болған Бауыржан Орынбасаров тағайындалғанын хабарлаған.
Ал 14 шілдеде өткен үкімет отырысында премьер-министр Олжас Бектенов "Қазақстан темір жолындағы" жағдайдың әлі де күрделі екенін мәлімдеп, компанияны мәселені реттеуге шақырған болатын. Бектенов компанияға өзгерістер қажет екенін, ҚТЖ жұмысында көптеген кемшілік бар екенін атап өтті.
""ҚТЖ"-ның жағдайы көңіл көншітпейді, көптеген кемшілік бар. Тіпті кадрлық шешімдер қабылдауға тура келді. Жағдайды түзету қажет", - деген еді премьер-министр.
Бүгін "Қазақстан темір жолы" ҰК" АҚ Басқарма төрағасы болып Отыншиев Елжас Мұратұлы тағайындалғаны белгілі болды.
ҚТЖ сайтының мәліметіне сүйенсек, Отыншиев Елжас 1987 жылы туған. Мәскеу физика-техникалық институтының "Жалпы және қолданбалы физика" мамандығы бойынша бакалавриат және магистратура бағдарламаларын тәмамдаған.
Еңбек жолын 2007 жылы Ernst & Young компаниясының Мәскеу қаласындағы кеңсесінде бизнесті бағалау және мәмілелерді сүйемелдеу департаментінің консультанты ретінде бастаған. 2009-2019 жылдары "Самұрық-Қазына" АҚ мен оның еншілес компанияларында жұмыс істеді. 2021-2023 жылдары KIDF ұйымында басшылық қызметтер атқарып, инвестициялық портфельді басқару бағытына жетекшілік етті.
2023 жылы сәуірден осы уақытқа дейін "Самұрық-Қазына" АҚ Стратегия және активтерді басқару жөніндегі басқарушы директоры – Басқарма мүшесі қызметін атқарды. Бұл лауазымда қордың мұнай-газ, теміржол, тау-кен және басқа да салалардағы портфельдік компанияларын басқаруға жауапты болды. 2024 жылғы ақпаннан бастап "Қазақстан темір жолы" ҰК" АҚ Директорлар кеңесінің мүшесі. 2023 жылы Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградасы – "Ерен еңбегі үшін" медалімен марапатталған.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/politics/kazakhstan/2401670-qtzh-ga-zhanga-basshy-tagaiyndaldy-39-zhastagy-otynshiev-turaly-ne-bilemiz/