Қазақстан БРИКС серіктесі атанады: ақпаратты Сыртқы істер министрлігі растады
Жарияланған күні:

Қазақстан 2025 жылдан бастап БРИКС мемлекетаралық бірлестігінің серіктес еліне айналады. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
ТАСС агенттігінің дерегінше, Ресей Федерациясы президентінің көмекшісі Юрий Ушаков БРИКС елдерінің серіктес қатарына 13 мемлекеттің қосылатынын мәлімдеген. Олардың ішінде Қазақстан да аталды. Ушаковтың айтуынша, бұл шешім Қазанда өткен БРИКС саммиті барысында қабылданған.
Қазақстан Республика Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі NUR.KZ тілшісіне берген жауабында Қазақстанның 2025 жылдың басынан бастап БРИКС серіктесі атанатынын растады.
Биыл 23 қазанда Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей Федерациясының президенті Владимир Путиннің шақыруымен Қазан қаласына іс-сапармен барғанын еске саламыз. Оның аясында мемлекет басшысы БРИКС-тің XVI саммитіне қатысып, Таяу Шығыс пен Украинадағы жағдайға тоқталды.
Кейін Қасым-Жомарт Тоқаев Қазан қаласында БРИКС-тің ХVI саммиті пленарлық отырысының "БРИКС плюс"/"аутрич" форматына қатысушылар – Түркия президенті Режеп Тайип Ердоғанмен, Беларусь президенті Александр Лукашенкомен, Шанхай ынтымақтастық ұйымының Бас хатшысы Чжан Минмен және Моңғолия президенті әкімшілігінің басшысы Гомбожавын Занданшатармен жүздесті. "БРИКС плюс"/"аутрич" форматында сөз сөйлеген Қазақстан президенті өз баяндамасында әлемдегі қақтығыстардың негізгі себептеріне тоқталды.
Жалпы БРИКС (BRICS) — бұл бес дамушы экономикалық қуатты елдерден тұратын халықаралық ұйым. Олардың атауы ағылшын тіліндегі қысқартылуымен белгілі: Бразилия (B), Ресей (R), Үндістан (I), Қытай (C) және Оңтүстік Африка (S). БРИКС елдері әлемдік экономикадағы маңызды ойыншылар және олар бірлесіп жұмыс істеу арқылы өздерінің экономикалық, саяси және геосаяси ықпалдарын күшейтуді мақсат етеді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/universe/2204150-qazaqstan-briks-seriktesi-bolatynyn-syrtqy-ister-ministrligi-rastady/