Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Халықтың ашуы орынды": Абаев "Ирина Кайратовнаның" атышулы концертіне қатысты пікір білдірді

Опубликовано:

Дәурен Абаев
Дәурен Абаев. Фото: Sputnik / Болат Шайхинов

Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев "Ирина Кайратовна" тобының Алматы қаласында өткен концертіне қатысты пікір білдірді. Бұл туралы ол Instagram желісіндегі парақшасында жазды.

Дәурен Абаев көпшілік талқылап жатқан концертті ұйымдастыруға Мәдениет және спорт министрлігінің қатысы жоқ екенін жеткізді.

"Мәдениет және спорт министрі әрі Қазақстан азаматы ретінде мен сахна төрінде келеңсіз жағдайдың орын алуына мүлдем қарсымын.

Сахна - киелі орын. Сахна мәдениетін сақтамағандарды, бейәдет сөйлегендерді, олардың бәрін былай қойғанда елдігіміздің нышаны саналатын қастерлі атрибуттарымызға құрметсіздік танытқандарды ешқандай ақтап алуға келмейді.

Жағдайға қатысы бар азаматтар өз қателігін ескеріп, сабақ алады деп ойлаймын. Дегенмен концерт ұйымдастырушылары міндетті түрде жауапқа тартылуы керек. Халықтың ашуы орынды. Көк Туымыздан ешқайсымыз биік емеспіз", - деді ол.

Еске сала кетсек, бұған дейін 25 мамыр күні Алматы қаласындағы Балуан Шолақ сарайында өткен концертте "Ирина Кайратовна" тобы мен Shiza сахнада ерсі әрекеттерге бой алдырып, микрофонға бейәдеп сөздер айтып, бірі мемлекеттік туды халыққа лақтырып жібермек болғанын жазған едік.

Болған жайтқа қатысты мемлекеттік хатшы Ерлан Қарин пікір білдіріп, туды немесе басқа да рәміздерді қорлағандарға жауапкершілік қарастырылғанын айтты.

Кейінірек "Ирина Кайратовна" тобының мүшесі Азамат Маркленов Instagram желісінде Алматыдағы концертте мәдениетсіздік танытқаны үшін кешірім сұрап, видео жариялады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/1971425-xalyqtyn-asuy-oryndy-abaev-irina-kairatovnanyn-atysuly-koncertine-qatysty-pikir-bildirdi/

pixel