"Бұларды көрсем, аямас едім": Талғат Теменов бүгінгі әртістерге көңілі толмайтынын айтты
Жарияланған күні:
Отандық танымал режиссер Талғат Теменов заманауи әртістерге көңілі толмайтынын кесіп айтты. Өнер иесі жұлдыздардың сахна мәдениетін сақтамай кеткенін алға тартып, олардың тәрбиесіне көңіл бөлу керектігін жеткізді, деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Талғат Теменов өз пікірін "Nege.kz" басылымына берген сұхбатында айтты.
"Кез келген жер киелі емес. Ал сахна – киелі. Мысалы, Түркістан, Бекет ата жатқан Маңғыстау өңірі, Айша бибі, Қорқыт, осы абыздар жатқан жер – киелі. Сол секілді қазақта киелі – керемет ұғым саналады. Құранды – киелі кітап дейміз. Сол сияқты өзіміз күнде көретін, бірақ көңіл аудармайтын жер, ол – экран мен сахна. Сахнаның қадірін білмеген адамды киесі ұрады. Қазір сахнаның қадірін білмейтін арсыздар көбейді. Ел-жұрттың алдына қалай болса солай киініп шығу, аузына келгенді оттау – нағыз көргенсіздік.
Екінші, тәрбиенің жоқтығы, үшінші – арсыздық. Сахнаға шығып алып, ойына келгенді айту – өнер емес. Көрерменнің қадірін білсең, сені төбеге көтереді. Ал керісінше жасасаң, ашу-ызасын туғызасың. Бұрын Қасым Жәкібаев, Нұрмұхан Жантөрин, Бикен Римова, Әмина Өмірзақова, Ыдырыс Ноғайбаев, Хадиша Бөкеевалар сахнаға іштей сыйынып шығатын. Ал мыналардың ішкені – арақ, шеккені – анаша. Бұл – көргенсіздіктің белгісі.
Жалпы, адамда ішкі тәрбие болуы керек. Бұған осы концертті ұйымдастырғандар да жауапты. Олар тек қандай ән, би қоятынын ғана емес, әртістердің тәрбиесіне де көңіл бөлуі керек. Қазақта "Іріген ауыздан шіріген сөз шығады" деген сөз бар. Бұлардың аузы ғана емес, рухани жан дүниесі де іріп кеткен. Өз басым бұларды көрсем, аямас едім", - деді ол.
Еске сала кетсек, бұған дейін 25 мамыр күні Алматы қаласындағы Балуан Шолақ сарайында өткен концертте "Ирина Кайратовна" тобы мен Shiza сахнада ерсі әрекеттерге бой алдырып, микрофонға бейәдеп сөздер айтып, бірі мемлекеттік туды халыққа лақтырып жібермек болғанын жазған едік.
Болған жайтқа қатысты мемлекеттік хатшы Ерлан Қарин пікір білдіріп, туды немесе басқа да рәміздерді қорлағандарға жауапкершілік қарастырылғанын айтты.
Оған қоса, "Ирина Кайратовна" тобының мүшесі Алматыдағы концертте болған жағдай үшін кешірім сұрады.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/1971760-bulardy-korsem-ayamas-edim-talgat-temenov-bugingi-artisterge-konili-tolmaitynyn-aitty/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.