Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"30 млн теңге ұсынды": Бағлан Әбдірайымов казино жарнамалаудан неге бас тартқанын айтты

Жарияланған күні:

Бағлан Әбдірайымов
Бағлан Әбдірайымов. Фото: Instagram/baglan_abdraimov_official

Осыдан бірнеше ай бұрын шынайы оқиғаға негізделген фильм таспалаған Бағлан Әбдірайымов комедия жанрына бет бұрғалы жатыр. Отандық эстрада жұлдызын кино саласына не еліктірді? Алдағы уақытта оның сахнадан алыстап кетуі мүмкін бе? Өнер иесі көптің көкейінде жүрген осы және өзге сұрақтарға KAZ.NUR.KZ тілшісіне берген сұхбатында жауап берді.

Бағлан мырза, желіден сіздің жаңа фильм түсіріліміне кіріскеніңізді көріп жатырмыз. Сәттілік тілейміз. "Басқа вариант жоқ" фильмінің басқа кинотуындылардан ерекшелігі қандай болмақ?

Бұл фильмнің басқа фильмдерден айырмашылығы стилінде. Биыл көрерменге комедия жанрында 20-дан аса туынды ұсынылады. Солардың қатарында біз де бармыз. Негізі фильмді ерекше түсіру әдісін қолданып жатырмыз. Қазақстанда әлі мұндай тәжірибе болмаған. Уақыты келгенде көзі қырағы көрермен өз бағасын бере жатар деп ойлаймын.

Осыған дейін "Zero" атты фильм таспаладыңыз. Туынды көптің көңілінен шықты. Дегенмен киноның табысынан шығыны көп болған секілді. Қайта тәуекел етуге жүрексінбедіңіз бе? Жасырын болмаса, бұл фильмнің бюджеті қанша?

"Zero" фильмінің көптің көңілінен шыққанына өте қуаныштымын. Мұндай фильмді жарыққа шығару өмірімдегі жетістіктің бірі деп білемін. Кино әлемінде осы тақырыпты қозғап, азарттың соңы азап екенін айтқысы келген жан жоқ шығар. Фильмде шығын аз болмады, жалпы 260 млн теңгеден аса касса жинадық. Сонда да тәуекелге баруға жүрексінген жоқпын. Өйткені, шығармашылық топ та, алаң да маған ұнады. 3-4 жылдай ізденісте жүрген соң өзіме не керек екенін түсінгендеймін. Белгілі бір уақытқа жалғаса ма, әлде өміріме айнала ма, тек Аллаға аян.

"Zero" фильмі арқылы халыққа құмар ойынның шырмауынан шығуды насихаттадыңыз. Қазір құмар ойынға әуес жастарды түзу жолға тағы қалай шақыра аламыз?

"Zero" фильмі арқылы 30 жігіттің бетін бері қараттым деп айта аламын. Олар маған әлеуметтік желіде кері байланыс берді. 30 жігітті құтқару 30 отбасын құтқарумен тең. Сондықтан адами тұрғыда өз миссиямды орындадым деп есептеймін. Өзім ойлансам, құмар ойынға кетуіме ортам да, қаржылық сауаттылықтың жоқтығы да әсер еткендей. Көбірек ақша да тапқым келген шығар. Өнер әлемінде қалыптасып, концерт пен тойға үзбей барған соң мастанып кеттім бе деп те ойлаймын. Жалпы жастарды тек жақсы ортада жүруге шақырамын.

Жақында актриса Жұлдызай Дүйсенбиева сіздің фильміңізде рөл бұйырмағанын айтып, назын жеткізгендей болды. Сіз желіде жауап қатып, жағдайды түсіндірдіңіз. "Фильмге неге түсірмедің?" деп реніш білдірген әріптестеріңіз көп пе? Оларға не дейсіз?

Иә, "Zero" фильмінде Жұлдызайға лайықты рөл жоқ екенін айтқаным рас. Ал екінші фильмге шақырдық. Бірақ қазір өз фильмімен жүргендіктен, уақыты болмады. Басқа әріптестерім ренжіген жоқ. Қазіргі күйбең тіршілікте біреуге ренжіп немесе қабағына қарайтын уақыт жоқ сияқты.

Ал фильм түсіруді жалғастыруға қатысты сынаған әріптестеріңіз болды ма?

Әріптестерім мені қолдамаса, сынайды деп ойламаймын. Өйткені кино түсіру де шығармашалыққа жатады. Әрбір өнер адамы бұл тақырыптан алыс емес. Маған сәттілік тілеп, қолдау білдіріп жатқан жандар өте көп. Олардың қатарында Жасұлан Базарбаев, Нұрболат Абдуллин, Мұхтар Ханзада, Айдар Тұрғанбек, Ердос Қанаев та бар.

Естуімізше, жақында сіз құмар ойынды жарнамалаудан бас тартыпсыз. Көп ойландыңыз ба?

Иә, Қапшағайдағы казинолардың бірінде ресейлік менеджерлер Қазақстан шоу-бизнесінің нарығын зерттеген екен. Бұл тақырыпты қозғап, кино түсіргендіктен, көздері маған түссе керек. Бастапқыда 30 млн теңге ұсынды. Бірақ бірден бас тартып, 100 млн теңге ұсынса да, одан қомақты сома берсе де, келіспейтінімді айттым. Себебі құмар ойынның артында қаншама қазақтың тағдыры, қаншама қазақтың көз жасы мен өмірі жатыр.

Бағлан Әбдірайымов кинопродюсерлікпен айналысып, әншілікті екінші орынға ысырып қоймады ма? Тыңдарман өкпелі емес пе?

Кино әлемінен де шабыт аласың. Ал фильм дайындықты есептемегенде, бас-аяғы бір ай түсіріледі. Сондықтан әншілік пен кинопродюсерлік бір-біріне кедергі келтірмейді. Бәріне үлгеруге болады. Бұрын жеке ән кешімді бергім келетін, бірақ қорқақтайтынмын. Ал кино әлемінен шабыт алған соң қорқыныш та, үрей де жоқ. Керісінше оң әсерін тигізіп жатқандай.

Биыл "Жігіттер" квартетіне 20 жыл. Есеп беру концертін өткізу жоспарда бар ма?

Иә, есеп беру концерті жоспарда бар. Күзде Алматы мен Астанада өтеді.

Жалпы әнші, кинопродюсер емес, қарапайым Бағланның көңіл-күйі қалай? Өзіңізге, отбасыңызға уақыт бөле алмай қалатын сәттер көп пе?

Отбасыма уақыт бөле алмай қалатын сәттер бар. Кейде қыздарымның анасы "аптасына бала-шағаға көңіл бөлетін бір уақыт белгілеп қойсаңызшы" деп айтып қалады. Алдағы уақытта оны да қолға алармын.

Сұхбатыңызға рахмет. Жаңа кинотуындыңыз көптің көңілінен шығады деген үміттеміз. Сәттілік!

Рахмет. Көптің көңілінен шығады деп ойлаймын. Өйткені, бізде "Басқа вариант жоқ".

Сұхбаттасқан Ұлжан Ибраим

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/2016261-30-mln-tenge-usyndy-baglan-abdiraiymov-kazino-zarnamalaudan-nege-bas-tartqanyn-aitty/