"Ауылдан береке кетті": Атырау облысында тұрғындар ауыл іргесіндегі карьердің жабылуын талап етті (фото)
Жарияланған күні:
Атырау облысында тағы да жер дауы – қала маңындағы Тасқала ауылының тұрғындары жеке компанияның карьер қазу жұмыстарын жүргізуіне нарызылық білдірді. Жергілікті халық ауылдың малы жайылатын жерді шаңға көміп, қазып жатқан кәсіпкерден жұмысын тоқтатуды талап етті, деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.
"Ауылдың іргесінен карьер қазу жұмыстарын бізге ескертусіз бүгін таңертең бастады. Түске дейін орталық көшемізбен бірнеше КаМАЗ топырақ тасып, ауылдың ішін шаң қылды. Бірнеше сағаттың ішінде ауылдың берекесін кетірді. Біз карьердің тоқтатылуынан басқа ештеңе талап етпейміз. Және осы үшін соңына дейін барамыз", - дейді Тасқала тұрғыны, зейнеткер Оралбай Дәрібаев.
Тұрғындардың айтуынша, Тасқала қазір карьерлер мен қоқыс алаңдарының ортасында қалуға шақ тұр.
"Ең бірінші карьер ауылдың ортасында болып, ол кейін 1999 жылы Тасмағамбетов әкім болып тұрған кезде жабылып, артынан қоқыс төгетін орынға айналды. Екінші карьерге жерді ауыл іргесіндегі зираттардың қасынан берді. Оның орны қазір қаланың қоқыс полигонына айналды. Енді мына жердің де топырағын алып, орнын қоқыспен жабады. Сонда біз күл-қоқыстың ортасында қаламыз ба? Ауылда мал жаятын жер қалмады", - дейді Тасқала ауылының тұрғыны Абай Уәли.
Тұрғындар өріске жіберген малдарының да осы карьерге құлап өліп жатқанын айтады.
"Бұл карьердің бізге ешқандай пайдасы жоқ. Себебі бұл жерден біз бір уыс топырақ та ала алмаймыз. Біз алсақ айыппұл салады. Одан да осыны халыққа жер қылып берсін. Тасқалада қазір қаншама отбасы жер ала алмай, бала шағасын жетектеп, пәтер жалдап жүр. Осы жерді сол кезек күтіп жүргендерге бермей ме?",- дейді ауыл тұрғыны Айнагүл Бегалиева.
Кеңөзек ауылдық округінің әкімі Ернар Өтешқалиевтің айтуынша карьер 2019 жылы заңды түрде ашылып, кәсіпкер топырақ алуға рұқсат қағазын алған.
"Алайда сол кезде де карьер ашылысымен жергілікті тұрғындар наразы болып, ақырында тиісті органдардың ықпалымен бұл жерде қазу жұмысы уақытша тоқтатылды. Бірақ біз кәсіпкердің де құқын шектей алмаймыз. Карьер жұмысы заң жүзінде емес, уақытша тоқтатылды. Бүгін кәсіпкер осы жұмысты қайта жалғастырам деп жатыр", - дейді округ әкімі.
Әкімнің айтуынша, заң бойынша карьер ауылдан 1,5 км қашықтықта болуға тиіс. Яғни бұл жерде заңға қайшылық туындап тұрған жоқ.
"Алайда халықтың пікірі ескеріліп, карьер жабылуы тиіс деп санаймын. Бірақ бұл ауыл әкімдігі төңірегінде шешілетін мәселе емес. Кезінде облыстық табиғи ресурстарды реттеу басқармасы карьер ретінде осы жерді таңдаған. Енді сол шешімнің заңды күшін жою жөнінде облысқа ұсыныс береміз", - дейді ауыл әкімі.
Авторы: Әйгерім Сайқын
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2016263-auyldan-bereke-ketti-atyrau-oblysynda-turgyndar-auyl-irgesindegi-karerdin-zabyluyn-talap-etti-foto/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.