Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"4 ұлы бар": марқұм композитор Арман Қайназаровтың жұбайы өзін сынаған елге жауап берді

Опубликовано:

Арман Қайназаров
Арман Қайназаров. Скриншот: Almaz K/Youtube

Осыдан біраз уақыт бұрын танымал ақын, эстрада жұлдыздарының әндеріне сөз жазған Арман Қайназаров көше кезіп жүрген жерінен табылған болатын. Ал қыркүйек айында композитордың кісі қолынан қаза тапқаны белгілі болды, деп жазады KAZ.NUR.KZ.

"Қыздар-ай" бағдарламасында Арман Қайназаровтың жұбайы бар шындығын айтты.

Бағдарлама мәліметінше, Арман мен жұбайының 4 ұлы бар екен.

"Біз үйлендік. Үлкен ұлым - 20 жаста. Одан кейін 16, 15 және 5 жастағы ұлдарым бар. Арман балаларды өте қатты жақсы көрді. Кішкентайынан балаларына жақсы қарайтын. Оның жаман жерін көрген емеспін. Ең әлсіз жері - ішкілікке салынғаны. Соның салдарынан болмаса, Арманнан жаман нәрсе көрмедім.

Отау құрғанымызға 20 жыл болды. Арманның ішімдікке салынуы 2005 жылдары басталды. Арман сол уақытта студияларға барып бастаған еді. Ер адамдар жиналған жерде ара-тұра ішеді, сөйлеседі. Арманда сол жағынан әлсіздік болды ғой", - деді Арман Қайназаровтың жұбайы Алтын Табылдықызы.

Сонымен қатар Арман Қайназаровтың жұбайы күйеуін бірнеше рет емдеу орталығына алып барғанын да айтты.

"Арман емнің бәрін алды. Отыз жыл қасында болған Талғат досы да біледі. Қысты күні өліп қалады деп қорқып, диспансерге де салдық. Өйткені, барлық емдеу орталықтары адамды өз еркімен ғана қабылдады. Еркінен тыс ұстай алмайды. Арман өз еркімен ол жерден кетіп қалатын. Кейде бір ай болады, кейде жеті ай болады. Одан кейін тоқтайды. Олардың ұстауға құқығы жоқ.

Әлеуметтік желіде де маған аузына келгенін айтатындар көп. "Ана әйелі қайда жүр?" деген әңгіме айтады. Олар менің кебісімді киіп, өмірімді сүріп көрген жоқ. Ондай әңгіме айтпасын. Арманды соңғы рет мамыр айында тағы да емдеу орталығына апардық. Ол жерде үш апта болды. Емделу процесі тәуелді адамдарға 1 жыл - 1 жыл, 2 ай болады. Сондай бағдарламаға өтуі керек болған еді. Бірақ ол қарсы болып, менің сол жерге апарғаныма өкпеледі", - деді марқұм композитордың жұбайы.

Естеріңізге сала кетейік, танымал ақын, эстрада жұлдыздарының әндеріне сөз жазған Арман Қайназаров биылғы жылдың маусымында көше кезіп жүрген жерінен табылған болатын.

Кейінірек композитордың туған інісі ағасының неліктен мұндай күйге түскенін айтып берген болатын.

Ал қыркүйек айында Алматыда отандық композитор Арман Қайназаров қайтыс болды. Қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтірген күдіктінің ұсталғанын хабарлады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/2039455-4-uly-bar-marqum-kompozitor-arman-qainazarovtyn-zubaiy-ozin-synagan-elge-zauap-berdi/

pixel