Астанада Джей Лоның концертін ұйымдастырушылар билет сатылымына қатысты шудан соң тексерісті бастады
Опубликовано:
Freedom Ticketon компаниясы Instagram желісіндегі парақшасында тамыз айында Астанада өтетін Дженнифер Лопестің концертіне билет алған барлық аккаунтты тексеру басталғанын мәлімдеді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Ұйымдастырушылар сатып алған билеттері электронды поштасында келмегендерді сабырға шақырды.
"Егер билеттерді сатып алғаннан кейін электронды поштаңызға ваучер әлі келмеген жағдайда уайымдамауыңызды сұраймыз.
Қазіргі уақытта әр сатып алушының растау алғанына көз жеткізу үшін біздің команда барлық төленген тапсырыс пен броньды тексеріп жатыр. Бұл процесс өтінімдер мен тапсырыстардың көптігінен уақыт алуы мүмкін. Қажет болған жағдайда біз сіздермен екі жұмыс күні ішінде байланысқа шығып, тапсырысыңызды нақтылап, растайтын боламыз.
Ал егер тапсырысыңызбен бәрі дұрыс болса және сіз дұрыс байланыс деректерін көрсеткен болсаңыз, жай ғана аздап күте тұрыңыз – ваучер автоматты түрде көрсетілген электронды поштаңызға жіберіледі. Бұл тапсырысыңыздың рәсімделгеніне және жүйеде бар екенін растайтын құжат болып саналады", - делінген хабарламада.
Еске салсақ, бүгін 11 сәуірде Джей Лоның концертіне билеттер сатыла бастаған. Билеттер сатылымға шыға сала, яғни, 11 сәуір сағат 11:00-ден кейін оны сататын сайт істемей қалды.
Бұған дейін "Астана концерт" продюсері Мәлік Хасенов делдардардан билет сатып алғандар концертке кіре алмай қалуы мүмкін екенін ескерткенін жазған едік.
"Танымайтын адамдардан ваучер сатып алғандар концертке кіре алмай қалуы мүмкін, себебі нағыз билет сатып алғанда көрсетілген электронды поштаға келіп түседі", − деп түсіндірді Хасенов.
Айта кетейік, биылғы жазда Дженнифер Лопестің Up All Night әлемдік турнесі өтеді. Турне 1 шілдеде басталып, 3 тамызға дейін жалғасады. Ол әлемнің 17 қаласын қамтиды, соның ішінде Астана да бар. Әншінің елордадағы концерті 1 тамызда "Астана Арена" стадионында өтеді.
Мәлік Хасеновтың айтуынша, Джей Лоның Астанада өтетін концертіне 15 мыңнан астам шетелдік турист келуі мүмкін. Ал қала экономикасына, HoReCa жүйесіне 6,5 млрд теңге және концерт өткізуден 400 млн теңгеден астам салық түседі деп күтіліп отыр.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/showbiz/scandals/2235155-astanada-dzhei-lonyng-kontsertin-uiymdastyrushylar-bilet-satylymyna-qatysty-shudan-song-tekseristi-bastady/