2015 жылдың ең оғаш 10 жаңалығы
Жарияланған күні:
2015 жыл қайғылы, қуанышты жаңалықтарымен қоса, оғаш, ел естімеген жаңалықтарымен де ерекшеленіп үлгерді. Тұрғындарды таңғалдырып, елде бірталай пікрталас тудырған ТОП-10 оғаш жаңалықты NUR.KZ порталы назарларыңызға ұсынады. ҰБТ-ға «сүйіктісінің» орнына кірмек болған Жәрдемов
Қыз болып киініп, тестке кірген жігіт табан асты сүйіктісін алмастырмақ болған интернет романтигі атанды. Алайда ол шын мәнісінде қызды танымайтынын мәлімеді деп хабарлады КТК арнасы.
20 жастағы Аян Жәрдемовтың қылығы әлеуметтік желіде қызу талқылануда. Кейбіреуі оны пайда қуған кәсіпкер десе, енді бірі көйлек киюге дейін барған студентті нағыз Мәжнүнге теңеген. Сөйтсе бұл оқиғаға махаббаттың еш қатысы жоқ екен. Мұны тергеушілерге берген жауабында Аянның өзі айтыпты. Тіпті ол қызды танымайтынын айтқан. Ал емтиханға кір деп әлдебір таныстары өтініш жасаған екен.
Жігіт тестке кіру үшін қыз болып киініп, тіпті шаш пен кірпік жалғайды. Сол қылығы кешелі бері интернетті дүр сілкіндіріп, талайларды таластырып қойды.
Қыздың өзін комиссия тесттен қуып жіберді. Ал Аянды аяған әлеуметтік желідегі жұрт оған салынған жарты миллиондай айыппұлды өтеуге жаппай қаражат жинауға қызу кіріскен.
Алматыда той ақысын төлей алмағаны үшін мейрамхана қожайыны қалыңдықты кепілде ұстаған
Алматыдағы белді мейрамхана қожайыны той ақысын төлей алмағаны үшін қалыңдықты таңға дейін кепілде ұстаған. Бұл туралы жас жұбайлардың өздері NUR.KZ интернет-порталының редакциясына хабарлады.
Мақсұт (есімі өзгертілген – ред.) Науаи көшесінің бойындағы қымбат дәмханаға несие алып, 150 адамға үйлену тойын жасаған. Дастархан мен қонақ күту құны 2 миллион 150 мың теңге болған. Аталған соманың 70 пайызын жас жұбайлар тойға дейін төлеп, қалған қаражатты қонақтар әкелген сыйлықтан жабамыз деп жоспарлаған.
Алайда сол күні белгісіз себептермен тойға шақырылған қонақтардан 30 адам келмегендіктен, дастархан бос тұрып, түсетін сыйлықтың көлемі де азайған. Осылайша жас жұбайлар мейрамханаға 500 мың теңге қарыз болады. Той аяқталысымен әкімші жас жұбайларға түнделетіп жарты миллион теңге табуды талап еткен.
Тіпті, «ертеңге қалдырмаймын» деген кәсіпкер қалыңдықты ақ көйлегін шешкізбестен таңға дейін кепілде ұстаған. Мақсұт кепілге көлігін де ұсынған алайда, мейрамхана қызметкерлері мен қожайыны бас тартыпты. Осылайша күйеу жігіт түнделетіп, көлігін жарты бағасына сатып, қалыңдығын кепілден шығарып алған.
Есін жиған жас жұбайлар енді бұл істің қылмыс екенін түсініп, мейрамхана қожайынын сотқа бермекші.
Ақтөбеде сатылымға қойылған тұшпараларды түюге құлдыққа жегілген жігіттер
Ақтөбеде екі ару жас жігіттердің басын айналдырып, сыбайластарымен бірге қармақтарына түсірген. Жігіттер сатылымға қойылған тұшпараларды түюге құлдыққа жегіліпті.
Үш күн тоқтаусыз жұмыс істеткеннен кейін олар құрбандарын жайына жібере салады екен. «Экспресс К-ға» осындай «қатыгез тұшпарашыларға» алданып қалған жігіттердің бірі хабарласты. Өз есімін құпия сақтауын қалаған азамат өзінің қалай қорланғанын баяндап берді.
Досымен бірге дискотекаға шыққан ол көркінен көз таяр екі арумен танысқанын есіне алды. Екі жігіт те бойжеткендердің кет әрі емес екенін сезіп, көздері жанған. Бойжеткендер өздерінің қымбат сары көліктеріне мініп, жігіттерге пәтерге бірге баруға ұсыныс жасайды.
Қуана келіскен азаматтар пәтерге жеткенде өз көзіне сенбеген. Ешкім жоқ болуы тиіс пәтерден үш еңгезердей еркек шығады. Денелері әбден шыныққан ер кісілер оларға бойжеткендерге қол сұқпақ болғандарын тек бір шартпен кешіруге әзір екендерін жеткізеді.
Олар әрқайсысына 400 қорап тұшпара түю шартын қояды. Тығырыққа тірелген жігіттер үш күн бойы тұшпара түю құлдығына түскен.
Бойжеткендер мұндай жігіттер құқық қорғау органдарына хабар бере қоймайтынына сенімді болған. Солай болды да. Себебі сұлу қыздармен түні бойы көңіл көтерудің орнына тұшпара түйіп шыққанын мойындау көптеген жігіт үшін ұятты нәрсе.
Содан кейін дискотекаларға бас сұғуын қойған Руслан сол арулардың бірін түнгі клубтың маңынан кездестіріп қалады.
Оны әңгімеге тартқан ару цехтің әлі күнге дейін істеп жатқанын айтқан. Айтуынша, тек бір рет қана ойлары іске аспай қалған. Себебі ертіп келген жігіттердің бірі каратэден қара белбеудің иегері болып шыққан.
Ол үш еңгезердей еркекті сол жерде сабап қоя берген. Кейін досымен бірнеше қорап тұшпараны алып, пәтерден шығып кеткен.
Тойда сәлем берген келін Қазнетте жұлдызға айналды
Тойда бар ынтасымен тоқтамастан сәлем берген келіннің видеосы әлеуметтік желілерге жүктелді.
Видеоны көріп үлгерген көпшілік бұл жағдай Шымкентте орын алған болуы керек деген болжамдарын айтуда. Пікір қалдырушылардың дені бұл жағдайды қалыңдыққа көрсеткен қорлық деп бағалаған.
«Мына келіндер тойдан кейін белі ауырып, бір апта жатқан шығар», — деп жазған видеомен бөлісушілердің бірі.
ОҚО-да тұрғын биліктен өзінің пайғамбар екенін мойындауын талап еткен
Түркістан қаласында өзін Алла үкімімен пайғамбар болғанын жария еткен Нұрәлі Әмірәлиев есімді 51 жастағы азамат қала әкіміне хат жолдайды. Онда ол Алламен тілдесіп, пайғамбарлық дәрежесін алғанын, биліктің онымен санасып, мойындауын талап етіп отыр деп хабарлайды 31 арна.
Елу бір жастағы түркістандық Нұрәлі Әмірәлиев Алла тағаламен тікелей тілдескен үшінші пайғамбармын, маған бұл үкім Жаратушыдан уахи болды деп елге мәлім етуін қоймай келеді.
Оның әкімге жазған хаты ғаламторға шығып, әр өңірден хабарласушылар көбейген. Бірі қорқытып-үркітсе, енді бірі өлтіремін деген көрінеді. Бірақ осыған қарамастан, өзі осы жолдан әсте таймаймын деп бекініп отыр.
Ұлының әрекетін анасы да қолдап отыр.
Өскемендік жас жігіт жаңа аяқ киім алу үшін көшеде тыр жалаңаш жүрді
Өскемен көшелерін тыр жалаңаш күйінде кезген 22 жастағы жігіт тұрғындарды шошытты.
«Менің бәтіңкелерім жыртылып қалды. Жаңасын алу керек еді. Біз достарымызбен әңгіме айтып отырып, бәстестік. Егер мен көшеде жалаңаш жүретін болсам, маған аяқ киім алып беретін болды. Бұл талапты орындамасам, бұдан да ауыр «жаза» күтіп тұр еді. Сондықтан, мен көшеде жалаңаш жүруді жөн санадым», — дейді өзін Әділ деп таныстырған жігіт.
Оның айтуынша, көшеде өзін жалаңаш күйінде көрген тұрғындар оның бұл әрекетіне күлімдеп қана қараған.
Қазақстанда жыныстық қатынасқа салық салуды ұсынған ҚМО
Қазақстан мұсылмандарының одағы (ҚМО) мен Орталық Азиядағы адам құқықтары бойынша мұсылмандар комитеті (ОА АҚМК) елімізде сексуалды салық енгізу ұсынысын жасады.
ҚМО баспасөз хабарламасында одақ қызметкерлері жетекші экономистер және сексологтармен ақылдаса отырып, интимдік салаға салық салудың жүйесін ойластырып қойғаны айтылады.
«Заңды некеге тұрған әрбір қазақстандық 1 жыныстық қатынас үшін 584 теңге төлеуге міндетті. Егер жыныстық қатынас азаматтық некедегілердің арасында болса, салық 748 теңгені құрайтын болады. Некесіз жыныстық қатынас – 1893 теңге. Гейлер мен лесбилердің жыныстық қатынасы – 2741 теңге. Дәстүрлі емес жыныстық қатынас – 4892 теңге», – деп ҚМО өкілдері алдын ала салық мөлшерлемелерін анықтап қойған.
Сонымен қатар хабарламада 1 жыныстық қатынастың ұзақтығы 14 минуттан аспау керектігі жазылған. Асқан жағдайда қосымша салықтар төлейтін болады. Ал шетелдіктер үшін салық құны екі еселенеді.
Ұйым, сонымен қатар полицияда тұрғындардың сексуалдық өмірін қадағалайтын арнайы бөлім ашу керек деп санайды.
«Заңның орындалуын бақылайтын арнайы бөлімдер ашу керек. Полицейлер тұрғындардың сексуалдық өмірін бақылауға алу үшін үйлеріне ескертусіз кез-келген уақытта кіріп, тексеріс жүргізу құқығын иеленуі тиіс», – делінген хабарламада.
ҚМО сексуалды салықтан түскен бар табыс мемлекеттік бюджетке аударылып, қазақстандықтардың репродуктивті денсаулығын жақсартуға және венерологиялық аурулармен күреске жұмсалатын болады дейді.
Прайм-Плазадағы оқиғадан соң аузы күйген Қайрат Нұртас концертіне 2700 күзетші шақырды
Елордадағы Астана арена мен Алматыдағы Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында кеш берген әншінің концертін 2700 күзетші қоршап тұрды деп хабарлайды 31 арна.
Прайм-Плазадағы оқиғадан соң аузы күйген әншінің продюсері қауіпсіздік мәселесін қалай ұйымдастырғанын баяндады. Гүлзира Үсенқызының айтуынша, Қайрат Нұртастың Астана қаласындағы концертінде 2700 күзетші болған.
Бұны естіген жұрт, жарыса пікір қалдырып, тіпті Майкл Джексонның концертінде мұнша күзетші болған емес деп таңданыстарын жасырмаған.
Соңғы жылдары ешбір қазақ әншісі жеке кешін осындай үлкен алаңдарда беріп көрмеген еді. 30 000 мың көрермен сыйдыра алатын Астана Аренада шамамен 21 000 тыңдарманға, ал 5000 орындығы бар Алматыдағы Балуан Шолақ спорт кешені Қайраттың әндерін сүйіп тыңдайтын көрерменге лық толы болды.
Балуан Шолақтың айналасын полицейлер мен арнайы күзетшілер қоршап, қауіпсіздік мәселесін толықтай қамтамасыз етіп тұрды. Әрі 17 желтоқсан, кешқұрым, 86-да дәл қан төгілген уақыт. Ұйымдастырушылардың үлкен уайымы да сол еді.
Алайда, екі концерт те абырой болғанда ың-шыңсыз өтті. Көрермендер де мәдениеттілік сақтап, спорт кешеніне кезек-кезегімен кіріп жатты.
Алматыда төсек қатынасына түспеген бойжеткен екіқабат болып қалды
Аяғының ауырлағанын 18 жастағы қыз анасымен бірге емханаға барғанда бір-ақ білген. “Ішім ауырып” жүр деген қызын дәрігерге ертіп барған әйел де бұған қатты таңқалған.
Бұл туралы NUR.KZ интернет-порталынының тілшісіне аталған жағдай орын алған отбасының мүшесі хабарлаған. Белгілі бір себептермен отбасы аты-жөндерін жасырып қалуды жөн көрді.
Кәмелет жасына келген қызын дәрігерге жетектеп әкелген анасы жуырда немерелі болатынын, қызы жүктіліктің 7-нші айында екенін естіп, есінен танып қала жаздаған. Жүкті болғанын білмейтін қыздың өзі әлі пәк екенін айтып, ақталмақ болған. Қыздың ешкіммен төсектес болмағанын оны тексерген дәрігер-гинеколог та растады.
Кейін анықталғандай, қыз бала жігітімен оңашада қалып, ойнаған. Біраз жерге дейін барып, шешінген, бірақ жыныстық қатынасқа түспеген. Дегенмен жігіттен бөлініп шыққа биологиялық сұйықтық қыздың ішіне түскен. Енді қызды түрткен жоқпын деп жігіт ат-тонын ала қашып, үйленуден бас тартып отыр.
Шымкенттік күзетші ел алдында абыройын асқақтатып, «Батыр» атану үшін қонақүйге ойыншық бомба қойған
22 желтоқсан күні қаладағы қонақүйлердің біріне белгісіз азамат күдікті қорапшаны қалдырып, қарсы келген күзетшіні пышақтап кеткен болатын. Алайда бұл оқиғаны монша күзетшісі өзі жасаған болып шықты. Полицейлердің тергеуі кезінде жиырма жастағы жігіт қисынсыз әрекетін былай түсіндірген.
«Жаңа жылға қарсы сыйақы алу үшін. Сосын, қорықпай ержүректік танытып бомба қоюшымен арпалысты деп басшылық маған қомақты ақша берер деген оймен жасадым. Бұдан кейін әріптестерімнің арасында абыройлы болармын деп ойладым», - дейді күдікті.
Сөзінің дәлелі үшін күдіктің үйін тексеру кезінде жалған жарылғыш затты жасауға қолданған бұйымдар табылды. Сыйақы үшін дүйім жұртты дүрліктірген жігіт қазір қамауға алынып, үстінен қылмыстық іс қозғалды. Енді ол жаңа жылдық сыйақыдан қағылғаны былай тұрсын, көп күткен мерекені де темір торда қарсы алатын болады.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1000676-2015-zhyldynh-enh-oghash-10-zhanhalyghy/