NUR.KZ-тегі мақаладан соң ОҚО-дағы 6 балалы анаға кәсіпкерлер үй салып берді (фото)
Жарияланған күні:
ОҚО-да алты баламен жесір қалып, қоқыс теріп күн көріп келген тағы бір отбасыға NUR.KZ-тегі мақаладан соң кәсіпкерлер үй салып берді.
Кішкентай ғана үйді жалға алып, қоқыс теріп күн көріп жүрген шымкенттік келіншек, алты баланың анасы Гүлсім Қыстаубаеваның аянышты тағдыры туралы алғаш болып NUR.KZ порталы жазған болатын. Жарияланған мақаладан соң облыстық әкімдік қызметкері жесір әйелдің үйіне (жалдамалы) келіп, қысым көрсетіп кеткен.
Ал кәсіпкерлер көпбалалы ананың аянышты тағдыры туралы материалды оқыған соң бұл мәселеге бей-жай қарай алмады. Нәтижесінде баспананы армандаған отбасы үйлі болды. Жаңа үйге көшкен отбасы құран оқытып, көпшілікке алғыс айтты, деп хабарлайды аймақтағы тілші.
38 жастағы Гүлсім Жарылқасынқызының қуанышында шек жоқ. Өйткені, енді ел қатарлы өмір сүріп, балаларым да қатарластарынан қысылмайтын болды дейді. Қуаныштан көзіне жас алып қалған көпбалалы ана NUR.KZ порталында жарияланған мақаладан соң өмірі қалай өзгергенін баяндап берді.
«Мақала шыға сала телефоныма хабарласып, есепшотыма ақша аударып, жәрдемдескендер толассыз болды. Үйге келіп те азық-түлік әкеліп бергендер, демеу болғандар баршылық. Барлықтарына алғыс айтамын. Тіпті кейбірі менің тігінші екенімнен хабардар болып, тігін машинасын да сыйға тартты» деп бастады әңгімесін көпбалалы ана.
Тек мақала шыққан соң Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің баспасөз қызметі жетекшісінің міндетін атқарушы (бүгінде Шымкент қаласы әкімінің баспасөз хатшысы-кеңесшісі) қасына бір блогерді ертіп алып, жесір әйелге қысым көрсетіп кетіпті. Тіпті «мақала авторына хабарласып, материалды алдырып тастауға тырысыңыз» деп те бұйырған.
«Үйге екі қыз келді. Біраз әңгіме айтып, «екінші рет олай шықпаңыз порталға. Қиналып жатсаңыз, айтыңыз. Жәрдем береміз... Лажы болса, авторға айтып, материалды алдырып тастаңыз» деді. «Қыздарыңызды мойнымызға аламыз, колледжге түсіріп береміз» деген де еді. Бірақ, содан бері хабарсыз кетті. Кейінірек бір рет әкімдік қызметкерінің қасындағы қыз хабарласып, біреу үй салуға материал жағынан көмек беремін деп айтты да. тағы жоқ болды. Одан кейін ешкім хабарласқан жоқ», - дейді көпбалалы ана.
Дегенмен, бұл жалғызбасты әйел үшін енді бәрі артта қалды. Себебі бүгінде ол жаңа үйге қоныс аударды. Тек қана баспана емес, кәсіпкерлер қажетті техника мен жиһаздарды да сатып әперген.
Шымкентке іргелес жатқан Ордабасы ауданындағы Ынтымақ ауылында орналасқан үй - бес бөлмелі. Оның төртеуі жатын бөлмесі. Он сотық жері бар.
Жалғызбасты әйелдің үйлі болуына шымкенттік он бес шақты кәсіпкер қол ұшын созған. Істің басы-қасында жүрген кәсіпкер Ғалымжан Кененбаев Гүлсім Қыстаубаеваның отбасы туралы мақаланы оқыған соң алған әсерін былайша жеткізді.
«Whatsapp желісінде өз достарымыздың арасында тобымыз бар. Дәулет есімді досымыз NUR.KZ-ке шыққан Гүлсім апай туралы материалмен бөлісті. Оқып шығып, өте қатты қынжылдым. Біз өзіміздің жағдайымыз жақсы болған соң көп біле бермейміз ғой. Біздің қазақ бауырларымыздың қиналып жүргендері көп екен. Шынымды айтсам, тіпті жүрегім қатты тербелді...Топтағы жігіттер бір ауыздан қолдап, көмек беруге бел будық. Біз барлығымыз кәсіпкерміз. Бірақ, әртүрлі бағыттамыз. Біріміз қышын, бірі цементін, екіншісі тасын алып беретін болып келістік», - деді қайырымды істің басы-қасында жүрген Ғалымжан Кененбаев.
Кәсіпкер азаматтар өзара келіскен соң құрылысшы Жұмабек Жаналиевке барған.
«Осы інілер келіп, көмекке мұқтаж отбасыға үй салуды қолға алып жатқанын, енді үйдің жобасы керек екенін айтты. Екі күнде жобаның бірнеше түрін сызып шықтым. Жердің көлеміне қарай біреуін таңдап алды. Мұнан соң үй салуға қажетті материалдарды, яғни, сметасын жасап бердім. Шынымды айтсам, жігіттер маған келгенде қатты қуандым. Менен жастары әлдеқайда кіші. Бізден кейінгі ұрпақтың осындай мейірімділігіне тәнті болдым әрі мақтандым. Жігіттер жұмысым мен кеткен шығынның құнын төлейік деді. Бәрінен бас тарттым. Себебі мен де қайырымды шараға үлесімді қосқым келді», - деді құрылысшы.
Кәсіпкерлер енді көпбалалы ананы тұрақты жұмысқа орналастырып береміз деп уәде етті. Осы ауылға жақын жердегі фермалардың басшыларына өтініш айтуды жоспарлап отыр.
Жаңа қонысқа көшкен Қыстаубаевтар отбасы көпшілікке алғыс айтып, туған-туыстары мен қайырымды жандардың басын қосып, дастархан жайды.
«NUR.KZ порталының арқасында барлықтарыңызбен танысып отырмын. Қатты қуаныштымын. Алла разы болсын сіздерге! Жұмыстарыңызға сәттілік тілеймін. Әрдайым есік ашық, келіп тұрыңыздар», - деді жаңа үйдің иесі Гүлсім Жарылқасынқызы дастархан басында.
Баспаналы болған келіншек енді мал шаруашылығымен айналысамын деп отыр. Қайырымды жандардың есепшотына аударған ақшаға лағымен бірге төрт ешкі сатып алыпты. Жақын арада өзге де кәсіпкерлер сиыр әкеп беруді уәде еткен. "Бұйырса, мал шаруашылығымен айналысамын", - дейді келіншек.
Жаңа қонысқа көшкен отбасыға туыстары құтты болсын айтып келді. Солардың бірі – Кермеқаз Егізбаева.
«Мен Гүлсімнің анасының абысынымын. Қызымыздың баспанасы тек жақсылыққа толы болсын дегім келеді. Үйлі болуына жәрдемдескен барша азаматтарға алғыс айтамын. Істері оң болсын», - деп алғысын жауыдырды 70 жастағы кейуана.
Жалғызбасты ана балалары осы үйде аяқтан тұрып, қызын қияға, ұлын ұяға қондыруды басты мақсаты санап отыр. Тіпті үйінің жанынан болашақта тағы да баспана салып, ұлы шаңырақ көтерген соң қасымда болады дегенді де айтып қалды. Сұхбаттың соңын көпбалалы ана портал ұжымына деген алғысымен аяқтады.
«Сіздердің порталдарыңызға шыққаннан кейін көмек қарша борады. Үй салып берген кәсіпкерлерді оған дейін танымайтынмын. Әуелі Алланың, екінші сіздердің, кейін қайырымды кәсіпкерлердің арқасында баспаналы болдым. Портал оқырмандарының есепшотыма аударған ақшаларының бір бөлігіне көлік те сатып алдым. Шымкентке оңай қатынап келіп жүрмін», - деп сөзін түйді ол.
Бір өкініштісі, Гүлсім Қыстаубаеваға кәсіпкерлер үй салып беріп жатыр деген хабарды естіген бұрынғы көршілері жалғызбасты әйел уахабизмді ұстанғандар ортасына қосылып, теріс ағымға кіріп кетіпті деп әңгіме таратыпты. Оны естіген жесір әйел жағасын ұстап, өзгелердің мұнша сөз еткеніне қатты қынжылғанын да жасырмады.
Естеріңізге сала кетейік, ағымдағы жылдың ақпан айының ортасында «Шымкентте әмеңгерлікпен тұрмыс құрған 6 балалы ана қоқыс теріп, күн көріп жүр» деген тақырыппен жалғызбасты ана Гүлсім Қыстаубаеваның тағдыры туралы жазған болатынбыз.
Онда Шымкенттегі қоқыс алаңында жұмыс істейтін келіншектің жиған-терген керексіз заттардың ішінен тұрғындардың ескі-құсқы киімдерін үйіне алып келіп, бір жуып, бала-шағасын киіндіріп жүргені туралы айтылған.
Көпбалалы ананың үлкені - Индира 17 жаста. Екінші қызы Аида 9 сыныпты, Аружан - 7 сыныпты бітірген. Ұлы Ерасыл 6-ны, кіші қызы Ақерке 5 сыныпты тәмамдаған. Ал кенжесі Нұрасыл жаңа оқу жылында бірінші сыныпқа барады.
Ерекше айта кетерлігі, Ынтымақтағы үй мектептің тура қасында орналасқан. Ауыз су, көгілдір отын, жарық секілді мәселе өз шешімін тапқан. Жаңа қонысқа көшкен ана енді үйінің алдына қақпа орнатуды жоспарлап отыр.
NUR.KZ порталы мақалаға бей-жай қарамай, жағдайы ауыр отбасыға көмек берген портал оқырмандарына алғысын білдіреді.
Тағы да оқыңыздар:
Алматы облысында өгей әке кішкентай қыздарын зорламақ болған
Теміртауда белгісіз біреулер Лениннің ескерткішіне оқ атты
Алматыда төсек қатынасы үшін пәтерін жалға беретін жігіттер көбейген
Астанада парамен ұсталған жас шенеунік 12 жылға сотталуы мүмкін
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1206341-nur-kz-tegi-maqaladan-sonh-oqo-daghy-6-balaly/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.