Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Шымкенттік әйел із-түссіз жоғалған егіз ұлдарын шарқ ұрып іздеп жүр (фото)

Опубликовано:

Шымкентте ағалы-інілі егіз балалар жоғалды деп хабарлайды Отырар арнасы.

17 жастағы жеткіншектер осыдан 4 күн бұрын, жұма күні Қабанбай батыр көшесінде үйден шыққаннан кейін қатып оралмаған.Содан ізім-қайым болған перзенттерін жалғызбасты анасы әлі күнге тапқан жоқ.

Гүлмира Садықованың көршілерімен бірге көше кезіп, перзенттерінің суреті бар парақшаларды аялдамалар мен көпшілік орындарға жапсырып жүргеніне, міне, төртінші күн. Айтуынша, қос перзенті, ағалі-інілі Асан мен Үсен Садықовтар жұма күні үйінен шығып кеткеннен бері әлі оралмаған.

«Жанымды шүберекке түйіп отырмын. Көлік қағып кете ме, әлдебір қарақшылардың қолына түсіп, олар балапандарымды атып тастай ма деген үрей бойымды билеп алды. Аман болса екен! Төрт күннен бері нәр татпадым, көшеде жүрмін, әр адамның қасына барып, сұрастырып жатырмын. Ешқандай хабар-ошар жоқ. Әл Фараби аудандық полиция бөліміне барып, арыз жаздым. Хабарласамыз, 2 сағаттан соң үйіңізге барып, балалардың жүрген жерін анықтап,  суретін алуымыз керек деп еді. Бірақ, келген жоқ, хабарласпады да. Қоңырау шалсам, тұтқаны көтермейді», - дейді  Асан мен Үсеннің анасы Гүлмира Садықова.

Көз жасы көл болған анасының айтуынша, перзенттері Асан мен Үсен туғаннан жүйке жүйесі дертіне шалдыққан, ІІ топ мүгедегі. Жалғызбасты әйел бұған дейін балалары Төлеби ауданындағы арнайы интернатта тәрбиеленді дейді.

Ал 2 жылдан бері осы жалдамалы пәтерді анасы және інілерімен бірге паналап жүрген олардың бүгінде дерті асқынып, өз қимыл-ишараларына жауап бере алмайтын кездері де болады дейді.

"Қаладағы жүйке жүйесі ауыратын адамдарға арналған ауруханаға талай рет бардым. Өткен айда да барып, перзенттерімді емдеу керек деген едім, орын жоқ деп жатқызбады. Сосын дәрі-дәрмек сатып алып бердім. Бірақ, еш нәтиже болған жоқ! Өзім де ІІ топ мүгедегімін. 10 күн үйде болсам, 20 күн аурухана төсегіне таңыламын. Ол кезде балаларға үлкен қызым бас-көз болады. Мемлекеттен төленетін қаржы түкке де жетпейді. Пәтерақы, ас-ауқат пен дәріге төлеймін",- дейді Гүлмира Садықова.

Гүлмира Садықованың айтуынша, қос баласы бұрын да бірнеше рет осылай жоғалып, табылған. Бірақ қай жағдайға да құзырлы орган — Әл Фараби полиция бөлімі «Есалаң жеткіншектерге жауап бермейміз» деп, бастарын ала қашады екен.

Тәртіп сақшылары өздеріне хабарласқанда журналистерге «Олар ауру балалар ғой» деп, қысқа жауап қайырды. Енді полициядан күдерін үзген ана көмекті жерлестерінен күтіп отыр. Перзенттерінің табылатынына сенеді.

Тағы оқыңыздар:

Айдос Сарым қазақ-түрік лицейлерін "Алаш лицейлері" деп атауды ұсынды

Үнділікке тұрмысқа шыққан қазақ қызы еліне оралғысы келетінін айтты (фото)

Ақмола облысында туу туралы куәлікке әлі күнге дейін ҚазКСР деп жазылуда (фото)

Мұрат Телібеков ислам әлеміне кір келтіргені үшін Ердоғанның үстінен арызданбақшы

NUR.KZ-тегі мақаладан соң ОҚО-дағы 6 балалы анаға кәсіпкерлер үй салып берді (фото)

 

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1207367-shymkenttik-ayel-iz-tussiz-zhoghalghan-eg/

pixel