Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Ақтөбеде 66/55 әскери бөлімінде бүгін тағы "оқ атылып, көздің жасы төгілді" (фото)

Опубликовано:

Ақтөбеде 66/55 әскери бөлімінде 10 қаңтар күні тағы оқ атылып, көздің жасы төгілді. Бұл лаңкестермен шайқаста ерлікпен қаза тапқан жауынгерлерге көрсетілген құрмет болатын. Теракт кезінде қаза болған жауынгерлерге ескерткіш тақта қойылды деп хабарлайды NUR.KZ порталының өңірдегі тілшісі.

Батырлар ерлігі мәңгілікке тас тақтаға жазылды. Қаза болғандардың жақындары мен Ақтөбеде іссапармен жүрген парламент мәжілісінің депутаттары үш жауынгердің құрметіне қойылған ескерткіш тақтаның ашылуына қатысты. Еске алу, жауынгерлер шеруі өтті.

Маған баламның ескерткіш тақтасын көру жазған шығар...

Әскери бөлімшеде болған шабуыл кезінде соңғы оғы қалғанша атысып, кеудесін оққа тосқан Берікжан Қалиевтың анасы жылап тұрып ескерткіш тақтаның жібін түсірді.

«Баламның тірі болғанын тілеп едім. Бірақ, жоқ. Бүгін ескерткіш тақтасына келіп тұрмыз. Елбасына, Ақтөбе облысының басшыларына, қолдау білдіріп отырған еліме алғыс айтамын. Мүмкін, оның маңдайына жазылған тағдыр осы шығар. Баламды мақтан тұтамын! Тек оның артында қалғаным болмаса... Маған баламның ескерткіш тақтасын көру жазғар шығар», - дейді анасы Гүлжан Еренова.

Баламның өлгеніне әлі де сенбеймін...

Ескерткіш тақтаның ашылуына шабуыл кезінде көз жұмған сарбаз Досбол Сапардың да әкесі келді. Қайғыдан еңсесі езілген азамат елге тыныштық тіледі.

«Амалым жоқ. Сапар әскерге кететін жылы оқуға түсті. І курсты бітірген бойда әскерге кетті. Оқуды келген соң аяқтаймын деген. Не айтамын, оның ерлігіне әкелік мақтанышым үлкен. Бірақ, қазасына қайғырасың. Оның өлгеніне әлі де сенбеймін, тірі секілді», - дейді Досбол Сапардың әкесі Еркінбек Абдукаримов.

Әкемнің батыр болғанына қуанамын

Ескерткіш тақтаның ашылуына Берікжан Қалиевтың үлкен қызы да келген. Ол әкемдей болып өсемін деп мақтанышпен айтты.

«Әкемді мен соңғы рет сәуір айында көрдім. Ол кезде отбасымызбен Ақтөбеге келген едік. Ол бізге демалған кезінде Орал қаласына келетінін айтты. Әкемді сол кезде соңғы рет көрдім. Телефонмен 1 маусым күні сөйлестім. Балалар күнімен құттықтады. Бізді жақсы көретінін айтты. Үнемі жұмыстан келгенінде бізге сыйлық әкеледі. Әкемнің батыр болғанына қуанамын. Әкеме еліктеп өсетін боламын. Өзім болашақта актриса болғым келеді. Әкемнің үмітін ақтаймын», - дейді Берікжан Қалиевтың үлкен қызы Гүлайна Ерланова.

«Аллаху акбар» деп айқайлап, мені бауыздамақ болды

Лаңкестер шабуылы кезінде кеудесіне оқ атылып, сегіз жерінен пышақталған сарбаз оқиғаның қалай болғанын айтып берді.

«Сол күні сағат 3:14 шамасында дабыл соғылды. Тапсырмаға сай әрекет жасау үшін алдыға шығамыз. Біз спорт залдың алдына келе бергенімізде олар қарсы беттен шыға келді. Алдымда тұрған Досболға «қаш» деп айтып үлгергенімше, олар оқ жаудырта бастады. Оқ сол аяғым мен оң жақ көкірегіме тиді. Сол кезде ағаштың жанына құлап, жатып аттым. Бір топ лаңкестердің келе жатқанын көрдім. Оларға қаруымды кезіп жатқанымда артымнан біреуі келіп «Қаруда таста» деп бұйырды. Ол кезде бірден тастай алмайсың, денем жансызданып қалғандай болды. Олар қолымдағы қаруды теуіп, мені тізерлетіп отырғызып қойды. Қару сақталған қойманы сұрады. «Білмейін» дегенім сол еді олар мені артқа қарай құлатып жіберді. «Аллаху акбар» деп айқайлап, өзімнің өткір қаруыммен мені бауыздамақ болды. Бетімді қолыммен жауып үлгердім. Денеме сегіз жерден тереңдетілген пышақ салды. Бәрін біліп, естіп жаттым», - дейді жауынгер Сырым Сүндетов.

Сырым Сүндетовке 5 маусым күні Ақтөбе қаласында күрделі ота жасалып, 10 маусым күні Астана қаласына жіберілген болатын. Жауынгердің жағдайы қазір қалыпты. Қосымша ем алып жатыр.

Ерлікпен қаза тапқан жауынгерлер Отанды сүюдің өнегесін көрсетіп кетті

Ескерткіш тақтаның ашылуына келген Бердібек Сапарбаев жауынгерлердің туыстарының алдына басын иді. Кеудесін оққа тосқан әскерилердің өнегелі тәрбие көрсеткенін айтты.

«Жерлестеріміз Отан алдындағы борыштарын орындау кезінде халықтың бейбітшілігін сақтау үшін ерлікпен қаза тапты. Ерлікпен қаза тапқан жауынгерлер алдында басымызды иеміз. Олар әріптестеріне, өсіп келе жатқан ұрпаққа өнегелі тәрбие көрсетті. Отанды қалай сүю керек екенін көрсетті. Ел алдындағы борышын қалтқысыз орындады. Осындай әскеріміз болмаса, ар жағының қандай боларын кім біледі?! Біздің ендігі міндетіміз - осындай жағдайлардың алдын алу. Қаза болғандар ерлігі ешқашан ұмытылмайды, олардың есімі мәңгілік ел есінде қалады. Елімізде енді қан төгілмесін», - деді Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев.

Шара кезінде әскерилер шеру жасады.

Тағы оқыңыздар:

Шымкентте жарылыстан зардап шеккен әр отбасыға 230 мың теңгеден берілетін болды (фото)

Екі аяғы мен бір қолынан айырылған ақтөбелік мүгедек жан өлместің күнін кешіп отыр (фото)

Павлодарда еденге түкірген азаматша істі болып, сот алдына келді

Топ-7: 2016 жылы елді шулатқан оқиғалар (фото, видео)

Танымал тележүргізуші ұлына қалыңдық іздеп жатыр

Афиныда ресейлік дипломат өлі күйінде табылды

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1371565-aqtobede-6655-askeri-boliminde-bugin-tagh/

pixel