Шымкенттік жігіт Мәскеудегі қазақтардың өзін қалай қорлағанын айтып берді (видео)
Жарияланған күні:
Мәскеуге нәпақа табу үшін аттанып, құлдықта болған шымкенттік Жәнібек Қаныбек өмірінің екі жарым жылын «тозақта» өткізген. Азапты күндерін өңірдегі NUR.KZ тілшісіне айтып берген жас жігіт биліктен араша сұрайды. Айтуынша, өзі құлдықта болған Мәскеудегі дүкенде әлі талай қазақ бауырлары бір түйір нанға зар болып, еліне қайта алмай жүр.
Оңтүстік Қазақстан облысы, Ордабасы ауданында туып-өскен Жәнібек Қаныбек 18 жасында өздігінен күн көріп, ата-анасына салмақ түсірмеуді ойлайды. Содан бір танысының айтуымен Мәскеудегі Гольянова ауданындағы дүкендердің біріне жалақысы 95 мың теңгелік жұмысқа шақырту алады. Кеңес берген танысы онда өзінің әпкесі жұмыс істеп жатқанын және жақсы табыс табуға болатынын айтады.
Мәскеуге аттанбас бұрын Жәнібек әпкесі екеуі жұмыс берушімен Шымкентте жолығып, мән-жайды анықтап алады. Содан жас жігіт 2013 жылдың сәуір айында жолға шығады. Мәскеуге келген бойда оны азық-түлік дүкенінің иелерінің бірі Рашид деген ер кісі күтіп алады. Алғашында жұмысқа белсене кіріскен оның жағдайы жақсы болған. Тамағы да уақытылы берілген.
Дүкен иелері де, басқа да қызметкерлер оң қабақ танытыпты. Жүк тасушы болып жұмыс істеп жүрген ол алда не күтіп тұрғанынан бейхабар еді. Бір қызығы, Қазақстаннан барған жігіттен бара сала дүкен иелері құжаты мен ұялы телефонын алып қойған. Алғашқы жалақысын аларда жұмыс беруші «әзірге жалақың жинала берсін, үйіңе жинап, қомақты етіп жібермейсің бе?» деген сөзімен келісіп, үнсіз жүрген.
Уақыт өте ол өзге қызметкерлердің дүкен иесінің кабинетінен жылап шыққанын көреді. Бір ай өткен соң тамағы өзгеріп, өзге қызметкерлер секілді көгерген нан жеп жүреді.
«Дүкен иесі Рашид күн сайын түнгі уақытта шығып кетіп, қап-қап етіп көгерген нан алып келеді. Сосын оны турап, бізге ботқа етіп береді. Менімен бірге он шақты жұмысшы болды. Оның екеуі өзбекстандық қыздар, қалғанының бәрі қазақстандықтар. Неге екенін білмеймін, менімен бірге жұмыс істеп жүрген жігіттерді дүкен иелері қасындағы қолшоқпарларымен соққыға жығып жататын», - деп әңгімесін бастаған жігіт арада бір жарым ай уақыт өткен соң бір шикіліктің барын байқайды. Елге қайтақысы келеді.
Бірақ, қайту түгілі қожайыны дүкеннен сыртқа шығармайды. Тіпті үйіндегілермен тілдесуге мүмкіндік жоқ. Бір күні дүкен иесінің кішкентай қыздарын ойнатуға (автор: ол кезде бала күтуші сырқаттанып қалған) аулаға алып шығады. Содан аулада жүрген бір қырғыз ұлтының азаматына өтініш айтып, Шымкентте көңіл жарастырып жүрген қызына жағдайын жеткізіп, қайта алмай жүргенін, тек үйіндегілерінен бұл нөмірге хабарласпауын, дүкен иесінің телефонына қоңырау шалуын хабарлама етіп жазып жібереді.
Қызы мән-жайды жігіттің туыстарына жеткізіп, олар хабарламаны дұрыс түсінбегендіктен әлгі қырғыз азаматының телефонына қайта-қайта қоңырау шалады. Сол күні кешкі уақытта қырғыз азаматы дүкенге жігітті іздеп келіп, Жәнбектің үйіне хабарлама жібергенін қожайыны біліп қойып, алғаш рет соққының астына алады. Кейін қожайыны жігітке үйіндегілермен сөйлестіріпті.
«Маған телефонның дауысын шығарып қойып үйдегілерге «жағдайым жақсы, хабарламаны қызыма қайтер екен деген оймен балдармен әзілдеп отырып жібергенмін» деп мәжбүрлеп айтқызды. Ішімнен қынжылып, жылағым кеп тұрды. Алайда айтқандарын істемесем, тағы да ұрып-соғады. Оның өзінде үйдегілермен қысқа-нұсқа сөйлестірді» деп азапты күнін еске алды шымкенттік тұрғын.
Мұнан соң дүкен иелері жігітке өздерінше жаза беріп, күн сайын ұрып-соғатын болған. Тынығатын уақытын да қысқартып тастапты.
«Дүкен иесі Рашид пен оның жары Жанар бізге жұмыстан шаршадыңдар деп түнгі уақытта күштеп арақ ішкізетін. Мен алғашында қарсылық танытып, талай соққының астында қалдым. Намысыма тиетін сөздер айтатын. Өмірімде алғаш рет арақты сол жерде татып көрдім» деген Жәнібек Қаныбек қожайындарының оғаш әрекеті мұнымен тоқтамағанын айтты.
Ең сорақысы, онсыз да өлермен күн кешіп, жөнді тамаққа зар болып, одан қала берсе, соққының астына жығылып жүрген ер балаларды сондағы қыздармен жыныстық қатынасқа күштеп түсірген.
«Маған бір өзбек қызымен төсектес боласың деді. «Менің де әпкем бар, қыз баласы, мен мұндайға бармаймын» дегенім сол, қожайынның адамдары төбелей түсті. Әлгі қызды да соққы жықты. Қанша қарсылық танытқаныммен, ақыры мені ол қызбен күштеп интимдік қатынасқа түсірді. Олар бізге күнә жасатып қойғандарына мәз» деп сөзін жалғады құлдықта болған жігіт.
"Тірі тұрғанымда еліме қалай да болса оралайын" деген Жәнібек ол жерден қашпақшы болады. Бірақ, екі сағаттан соң қожайынның адамдары оны тауып алып, дүкенге қайта әкеледі.
Жігітті дубинкамен соққылап, электрошокермен әбден қинайды.
Екі аптадай жер төледе жатқан жігіт көгерген нанға да зар болған.
Екінші рет қашу туралы ойын ол лақап есімі «Сары қыз» деген бойжеткенмен бірге жүзеге асырмақ болады. Ол қыз да шымкенттік. Кассадағы ақшаны жымқырған бойжеткен екеуі ол амалын тауып дүкеннен қашып кетіп, пойызға отырғаны сол қожайындары тағы тауып алып, тура вокзалда көк ала қойдай етіп сабап тастайды. Екеуін жертөледе ұстайды.
Кейін әлгі бойжеткен өзінің жоспарын құрып, дүкендегі тауарларды бүлдіріп, табысты азайтқан соң оны бір түнде қожайындары елге қайтарады. Айтпақшы, жас жігіт бойжеткенмен бірге екінші рет қашып кетерде қаладағы мешіттердің біріне кіріп, Аллаға құлшылық жасамақшы болыпты. Алайда ондағылар бұлардың түрін көріп, «көшедегі қаңғыбассыңдар» деп кіргізбей қойыпты. Ал құзырлы органдағылар бұл жердің тұрғыны емессіңдер деп, арыздарын қабылдамай қойған.
Бір қызығы, дүкен қожайындары жұмысшыларына үйіндегілерімен айына бір рет қана сөйлестіріп отырған. Жәнібектің анасы қатты сырқаттанып, әпкесі жылап-сықтап отбасы қаржыдан қысылып жатқанын айтқанда дүкендегілер жігіттің туған бауырын қарсы қойыпты. «Мені гипноздады ма, білмеймін» деген Жәнібек әпкесімен ұрысып қала беретін болған. Бірақ кейіннен қожайынына айтып, үйіндегі жағдайды түсіндіріп, жалақысын сұрапты. Олар жаны ашығансып «300 мың теңге салып жібердік» деп айтып, шын мәнінде үйіндегілер 100 мың теңге ғана алыпты.
Азапты күндер мұнымен тоқтамаған. Себепсізден-себепсіз таяқтың астында қалатын ол қожайынына жақпай қалса, соққының көкесін көрген.
«Ұлы сөзде ұят жоқ» деген бар ғой. Қожайынымыз Рашидтің жұбайы Жанарға жақпай қалсақ, адамдарына бізді күштеп отырғызып, екі аяғымызды ашып қойып, жыныс мүшемізден қатты тебетін. Содан кейін апталап кіші дәретке шығудың өзі мұң болып жүрді» деп көздері мұң шалды шымкенттік тұрғынның.
Жәнібектің айтуынша, талай қазақстандықты күштеп құлдықта ұстап отырғандар тек Рашид пен Жанар ғана емес екен.
«Дүкен иесі Жанар Жансұлу, Шолпан есімді екі сіңлісімен бірге Мәскеуде бірнеше дүкен ашқан. Барлығында жұмысшыларды құлдықта ұстайды. Ұрып-соғады. Ойлағандары - жалақысын бермеу. Ал полиция қызметкерлері тексеру жүргізгенде, бізді жасырын бөлмеге қамап қоятын. Жанардың сіңлісі Жансұлу мен жұмыс істеген дүкенге өз қызметкерлерімен келіп, түні бойы арақ ішкізіп, сауық құратын. Менің білуімше, Жанардың Гүлжан есімді туған қызы Шымкентте тұрады. Бірақ оны мен бұл жақтан таба алмадым. Ал мені жіберген танысым ондағы жағдайдан мүлдем хабарсыз екен»,-деді азап көрген жігіт.
Одан өзге Жәнібек адам шошытарлық әрекетке барып жүрген дүкен иелерінің қазақстандықтарды жұмысқа шақыру әдістерімен де бөлісті.
«Олар араға адам салып, «бәрі керемет, жақсы жалақысы бар» деп алдап шақырып отырады. Мен Мәскеуде жүргенде дүкен қожайыны әпкеммен Шымкентте жолығып, менің жағдайымның кереметтігін айтқан. Кейін мені Қазақстанға бір апта демалысқа жіберетінін, ол үшін тағы бір жігіт қажет екенін жеткізген. Әпкем менің азапты өмірім туралы қайдан білсін? Бір туысымды жібереді. Мен де «Сары қыз» секілді қанша таяқ жесем де, дүкендегі қымбат тауарларды бүлдіріп, арақ-шарап тұратын сөрелерді құлатып алып жүргенмін. Сол үшін де олар менен құтылғысы келген ғой» деген Жәнібек Қаныбек туысын көргенде бірден «қайт» деп айтып үлгерген.
Бір апта өткен соң 2015 жылдың қыркүйек айында жаздық шорти мен футболка, аяғында сүйретпе киген Жәнібекті қожайындары құжаты мен қолына 5000 рубль беріп, вокзалға апарып тастайды. Абырой болғанда, оның туысы бірбеткейлігінің арқасында қожайындарына жақпай, елге оралған.
Азаптан арылған шымкенттік жігіт үш айдай өзіне келе алмай жүрген. Түнде шошынып оянып, өзін тура бір жертөледе жатқандай сезініпті. Тіпті далаға шығуға қорқып жүрген оның бар ойы Мәскеудегі қожайындары келіп, өзін алып кетеді деп үрейленген. Тек 3 шайдан соң әпкесі Айгүлге басынан кешкен азаптарын жеткізген ол психологтың көмегіне жүгініп, ел қатарына қосылыпты.
Мәскеуге кеткенде салмағы 90 келіден астам болған жігіт Шымкентке 58 келі болып оралған. Оны көрген әпкесі Айгүл бауырының жағдайын былайша еске алды.
«Дені сап-сау, тығыншықтай інімнің түрін көріп, жүрегім қатты ауырып кетті. Қаншама уақыт көрмеген оны мен құшақтай сала көзіме ерік бердім. Өзіңіз ойланып қараңызшы, бұл деген нағыз сұмдық қой... Қаны қазақ адамдар өз бауырларына осындай зомбылық көрсеткен. Аллаға шүкір, менің бауырым қасымда. Бірақ, мен барымды сатсам да олардың жазаларын алуын қалаймын. Себебі әлі қанша қазақ баласы мен қақаркөз қызы азапты күндерін бастан кешіп, күндерін өттізе алмай жүр. Қаншама қазақ қызы сол жақта қыздығынан айырылып, аборт жасатып, жеңіл жүріске салынған», - деп көзіне жас алды Жәнібектің әпкесі.
Жәнібек елге оралған соң арада уақыт өтіп, әпкесімен Мәскеудегі дүкенге барыпты. Тек дүкенді күзеткендер «қожайын жоқ» деп ішке кіргізбей қойған. Жас жігіт еліне аман-есен оралғанына қуанғаны соншалық, алғашында әпкесінен еш жерге шағымданбауын өтініп, жабулы қазанды жабулы күйінде қалдыруын өтініпті.
Уақыт өтіп, өз-өзіне келген жігіт енді биліктегілерден араша сұрайды. Еткен еңбегінің ақысын алуды емес, өзі сияқты құлдықта жүрген отандастарының елге оралуын тілейді. Осы мақсатпен ол барша қазақстандықтарға видеоүндеуін жолдады. 21 жастағы жігіттің басынан өткізген азапты күндерін көпшілікке жария етуіне бұған дейін NUR.KZ порталында жария етілген «Мәскеуде 8 ай бойы құлдықта болған қазақ қызы азапты күндерін баяндады» атты мақала түрткі болыпты.
Құлдықта болған ол қызды жігіттің сол кездегі қожайыны Жанардың сіңлісі Жансұлу күштеп ұстаған. Ерекше айта кетерлігі, Жәнібек Қаныбектің сөзінше, алдап жұмысқа шақырып, зорлық-зомбылық көрсететін дүкен иелері шымкенттіктер екен. Қазіргі таңда Ресей азаматы. Кезінде үлкен бір аты шулы іспен Қазақстаннан қашып кетіп, аты-жөндерін өзгертіп тастаған. Қорлық көрген жігіт мақаладан соң билік басындағылар бұл жағдайға бей-жай қарамайды деген сенімде.
Тағы оқыңыздар:
Алматыда мүрдесі табылған 11 жастағы баланың өліміне өгей анасының қатысы бар
Астана процесі: Бүгін Сирия дағдарысын шешу бағытындағы келіссөздер басталады
Алматыда көлік салондарының біріндегі әжетханаға кірген қыздың жүрегі тас төбесіне шықты
Қазақтың ұлттық күресі Азия ойындарының бағдарламасына енді
Еліміздің басым бөлігінде қар жауып, боран болады
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1383617-maskeude-25-zhyl-boyy-quldyqta-otyrghan-sh/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.