Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Шымкентте тасбақа және кірпішешенмен тұратын модельге көпшілік таң қалды (фото)

Жарияланған күні:

Шымкенттік модель жануарларға деген ерекше сүйіспеншілігімен көзге түсті. Мысыққа деген махаббаты бала күнінен оянған бойжеткен бүгінде үйінде тасбақа мен кірпішешен асырайды деп хабарлайды өңірдегі NUR.KZ тілшісі.

Сан алуан косметика мен қымбат киім, үнемі дене бітімін бір қалыпта ұстау шымкенттік ару Ақерке Баймұратова үшін қалыпты жағдай. Одан өзге модельдің жануарларға деген қызығушылығы ерекше. М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде білім алатын студент болашақ аудармашы. Үйіне жануарларымен қауышуға асығып тұрады. «Мен үшін олар үйдің бір мүшесіне айналған» дегенді алға тартқан бойжеткен ерекше хоббиін былайша түсіндіріп берді.

«Үй жануарларына деген қызығушылығым бала күнімнен оянды. Өзімнің нағашы апам мен атамның үйі құдды бір зоопарк секілді. Әсіресе ол үйде қоян көп еді. Өзім мысықты қатты жақсы көрдім» деп әңгімесін бастаған ару осы уақытқа дейін 20 шақты марғауға қамқор болғанын айтты.

Бұған дейін балық, тотықұс, құрбақа асырап келген модель сүйікті мысығы үшін өзгелерінен бас тартқан. Себебі мысық оларға «күн бермеген» екен. Осыдан бес жыл бұрын тасбақа асырауды қолға алған модель соңғы үш жылдан бері кірпішешенге деген махаббаты ерекше оянғанын алға тартты.

«Тасбақаны мектепте оқып жүрген кезімде арнайы үйірмеге барып жүріп, 200 теңгеге сатып алғанмын. Ал кірпішешенді ауладан тауып алдым. Үйге алып келіп, ғаламтор арқылы кірпішешен туралы ақпарат жинай бастадым. Сенесіздер ме, ол жыртқыш жануарлар қатарына жатады екен. Алғашында кішкене қорқыныш сезімі пайда болды бойымда. Дегенмен, қазір үйреніп қалдым» деген Ақерке Баймұратова үйінде асырап отырған жануарларының ерекше қылықтарымен де бөлісті.

«Мысықтың күтімі жалпақ жұртқа таныс қой. Кірпішішен мен тасбақаға келсем, олар өздерімен-өздері үйдің бір мүшесі секілді жүре береді. Ешкімге зияны жоқ. Уақытылы тамағын берсең болды. «Тик-тик» есімді кірпішешенім күніне бір рет, ал «Бабақ» (тасбақаның есімі) екі рет тамақтанады. Екеуі де қарындары ашса, асүйге қарай өздері барады. Сол кезде қарындары ашқанын білемін. Тасбақа кішкене еркелеу. Қарны ашқан уақытта тамағын бермесем, кетіп қалып, қараңғылау бір бұрышқа кіріп ұйқыға кетеді. Ғаламтордағы ақпаратты оқып шыққанымда тасбақа тамақ болмаса, «ұйықтайтын уақыт келді» деп ойлайды екен», - деді модель қыз.

Тамақтану демекші, Ақерке асырап отырған кірпішешен ет пен жұмыртқа, шұжық жейді екен. Айран мен сүт ішеді. Ал тасбақа мүлдем су ішпейді. Тек қиярмен қоректенеді. Көңіл күйіне қарай ара-тұра орамжапырақ пен алма да жейді. Бір қызығы, кірпішешеннің тікендері мысықтікі секілді жылына екі рет түсіп, қайта жаңарып отырады екен.

Отбасында жалғыз қыз Ақеркенің жануарларға деген махаббатын туыстары да қолдап отырады. Әсіресе анасы қызының қалауын екі етпеген, қайта керісінше, өзі де қызығып, үнемі ізденіс үстінде жүреді.

«Әрине, кірпішешен мен тасбақаны үйге әкелгенімде туыстарым таңырқай қараған. Уақыт өте үйреніп кетті. Ал мен туралы алғаш естігендер «тасбақасы несі тағы?» деп шошынып қалады. Бүгінде «Монти» мысығым, кірпішешенім мен тасбақам тату-тәтті өмір сүріп жатыр. Кейде мысық кірпішешенге әлімжетік танытқысы келіп, тиісе бастайды. Бірақ тікені кірген соң өзі қояды» деген ару алдағы уақытта алабай төбеті мен жанатты (енот), маймыл мен қасқыр асырауды армандайды. Тек ол үшін өзі тұратын көпқабатты тұрғын үйдегі пәтері тарлық етеді. «Жер үйге көшсек, үйіміз тура зообаққа айналатын шығар» деген бойжеткен өз сөзінде Шымкенттегі зообақтағы жануарлардың көзінен мұңды анық көретінін жеткізді.

«Мүмкін өзгелерге көрінбейтін шығар, бірақ мен оны көремін. Қаламызда қараусыз қалған жануарларды күтіп-баптайтын арнайы мекеме ашылса деймін. Әкімдік тарапына қызығушылық танытпаса да, қалталы азаматтар назарға алатын шығар»,- дейді ару.

Сұхбаттың соңында арудан сән әлемі туралы да сұрадық. Ол қазіргі таңда «Sulu models» агенттігінде атқарушы директор.

Бойы – 170 см, 54 келі модель дене бітімін бір қалыпта ұстау үшін диетаға отыратынын, наннан мүлдем бас тартқанын айтты. Және де тәулігіне 2-3 литр газсыз су ішеді екен. Сән әлеміндегі қызықты сәттерін есіне алған 20 жастағы бойжеткен модель болу үшін қойылатын басты талапты да атап өтті.

Айтпақшы, Ақеркенің сән әлеміне келуіне шетелдік танымал модель Тайра Бэнкстің «Топ-модель по-американски» бағдарламасы себеп болыпты.

«Осыдан үш жыл бұрын танымал дизайнер Айда Кауменованың көрсетіліміне дайындалып жатқанымызда, биіктігі 16 см-лік аяқ киімнен аяғым тайып кетіп, шығарып алдым. Тура екі аптадан соң «Шымкент аруы» байқауында бағымды сынайтын едім. Орнымнан тұрмастан күтініп, аяғыма эластикалық бинт орап, байқауда бағымды сынағаным бар... Модельдерге қойылатын талап бірінші кезекте дене бітімінің бірқалыптылығы, сонымен қатар мінезі де ашық-жарқын болуы шарт. «Капризный» модель болсаң, сұранысыңды жоғалтасың» деп сөзін түйді бойжеткен.

Тағы оқыңыздар:

Қазақ саудагері қытай базарларындағы сұмдықтарды жайып салды (фото)

Тоқтар Серіков жары Бейбітке әкесіндей кісілердің көз салғанын ашып айтты

Мешіттен ірі көлемдегі ақша мен телефон ұрлаған алматылық жігіт видеоға түсіп қалған

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1442659-shymkenttik-sulu-model-zhanuarlargha-d/