Жыл басынан бері Қазақстанда 550 бала педофил құрбаны болған
Жарияланған күні:
Елімізде жыл басынан бері, кәмелеттік жасқа толмаған 550 бала педофил құрбаны болыпты. Олардың дені 14 жасқа толмаған қыз балалар. Ішкі істер министрлігі деректеріне қарағанда, балаға зорлық жасағандардың басым көпшілігі жақын туысы. Араларында туған баласына қорлық көрсеткен әкелер де бар деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ Астана арнасына сілтеме жасап.
Педофилдерге қатысты заң күшейгенімен, олардың саны азаймай тұр. Жаға ұстатарлық жарты мыңға жуық факті, алғашқы алты айда ғана тіркелген.
Балаға айуандық жасағанның басым бөлігі жақын туысы. Ішкі істер министрлігі мәліметіне қарағанда жапа шеккен баланың 26 пайызы жақындарының құрбаны. 17- пайызы өгей әкесінен зорлық көрсе, 7 пайызын туған әкесі қорлаған. 2 пайыз қауіп балаға көршіден келген. Бұл ресми тіркеуге алынған сандар.
Жүздеген факті белгісіз күйде қалуы мүмкін.
"Мұндай қылмыстардың ашылмай жатуына өзіндік себебі бар. Балалар көбіне айтпайды, ішінде сақтайды. Сондықтан тергеуші баланың сеніміне кіру үшін бөлмені балаларға арнап дайындаймыз. Ойыншықтар қоямыз. Тергеу міндетті түрде психологтың қатысуымен өтеді. Бала алдымен жақынына айтуы мүмкін. Бірақ олар полицияға айтпай, іштей тынатын жағдайлар да кездеседі", - дейді ІІМ ӘПК ювеналды полиция басқармасының бастығы Әсет Оспанов.
Телеарнаның мәліметінше, осы жантүршігерлік қылмыс бойынша халықаралық рейтингте Қазақстан 120 мемлекеттің ішінде 46-шы орында тұр екен.
Ал ТМД елдерінде бұл антирейтингте бірінші орында.
Педофилдердің әлеуметтік портретін ішкі істер органдары былайша сипаттайды. 18 бен 29 жас аралығындағы азамат. Арнайы орта білімі бар. Өзін-өзі жұмыспен қамтыған және сотталмаған.
Бала құқығы қоғамда және әлеуметтік желіде жиі көтерілетін мәселенің бірі. Алайда, іс жүзіне келгенде атқарылған жұмыстар мардымсыз. Мұны министр Ерлан Тұрғымбаев та растады. Бас полицей енді бұл күйіп тұрған тақырыппен бірлесе айналысуды ұсынып отыр.
"Қоғамдық қозғалыстар мен үкіметтік емес ұйымдар ат салысса екен", дейді министр.
Айта кету керек, елімізде педофилдерді химиялық кастрациядан өткізу жазасы қарастырылған. Биыл қаңтар-сәуір аралығында 5 педофил осындай химиялық отадан өтіпті.
Ә. Өмірзақ
Еске сала кетейік, бұған дейін Байқоңырда 7 жасар қыз баланы зорлаған педофил қолға түскенін хабарлаған едік.
Сонымен қатар Оралда белгісіз азаматтың алты жасар қызды ойын алаңынан алып кетпек болғанын жазған болатынбыз.
Сондай-ақ 23 шілде күні түнде Сәтбаев қаласында 5 жастағы қыз бала жоғалып кетіп, кейін бөтен пәтерден табылған болатын. Полиция қызметкерлері күдіктіні ұстады, алайда жергілікті тұрғындар оны өздеріне беруді талап етті.
Ал 24 шілде күні орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев Сәтбаев қаласындағы оқиғаға байланысты пікір білдірді.
Кейін бүлдіршіннің ата-анасы үндеу жасап, ел тұрғындарынан жалған ақпарат таратпауды сұрады.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1870918-zyl-basynan-beri-550-bala-pedofil-krbany-bolgan/