RU

Алматыда карантиннен кейін алғаш рет рұқсат етілген митинг өтпек (видео)

шерушілер
Көрнекі фото: pixabay.com

2020 жылдың 13 қыркүйегінде Алматыда карантиннен кейін алғаш рет рұқсат етілген митинг өтеді. Қатысушылар несиелік рақымшылық пен Қазақстан жерлерін шетелдіктерге жалға беруге тыйым салуды талап етпек деп жазады KAZ.NUR.KZ.

Рұқсат етілген митинг Шоқан Уәлиханов атындағы саябақ алаңында өтеді. Акция таңғы 11-де басталып, түскі екіге дейін болады деп жоспарланған.

Бейбіт шеруді елде тіркелмеген Қазақстанның демократиялық партиясы мен басқа да белсенділер ұйымдастыруда.

Белсенді Бақытжан Төреғожина өз парақшасында оңтүстік астана әкімдігінің митинг өткізуге берген рұқсатының суретін салған.

Құжатта қатысушылар акция кезінде әлеуметтік қашықтық пен маска режимін сақтап, сондай-ақ санитайзерлер алып келуі керек екендігі көрсетілген.

Сонымен қатар шеру туралы барлық ақпарат ұйымдастырушылардың бірі Марат Тұрымбетовтың Facebook парақшасындағы видеода жарияланды.

Айта кетсек, бұған дейін мемлекет басшысы "Ана тілі" басылымына берген сұқбатында енді бейбіт жиындарды өткізу үшін рұқсат сұрамай-ақ, бес күн бұрын жергілікті билікке ескертсе жеткілікті екенін айтан еді.

Президент бейбіт шеру ұйымдастырушылардан қоғамдық тәртіп пен азаматтардың тыныштығын бұзбауы, сондай-ақ Конституцияға қайшы келетін үндеулермен шықпауы, ұлтаралық және әлеуметтік алауыздық туғызбауы талап етілетінін атап өткен болатын.

Сонымен қатар Беларусь мемлекетінде 9 тамыздан бері жаппай өткен шерулер "ең тәртіпті митинг" атағын алған еді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1873868-almatyda-karantinnen-kejin-algas-ret-rksat-etilgen-miting-tpek-video/