RU

"Борат-2" фильміне қатысты наразылық нотасы жолдана ма: СІМ жауап берді

Борат-2
Фото: kino.tricolor.tv

Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі «Борат-2» фильмінің шығуына байланысты азаматтардың өтінішіне түсінікте берді деп хабарлайды ҚазАқпарат

«Борат-2 фильмі - коммерциялық жоба. Фильм авторлары Қазақстан билігінің ресми наразылығын арандатып, өз фильміне жақсы жарнама жасамақ.

Арандатушылық мақсатта Қазақстан халқы да, оның мемлекеттік рәміздері де мазаққа салынуда. Наразылық нота жолдау мағынасыз, өйткені оның адресаты жоқ. Неғұрлым дүрліктіре берсек, соғұрлым фильм авторлары пайда табады.

Үлкен пайда табу авторларды фильмді жалғастыруға итермелейді. Негізінде, фильмде нәсілшілдік пен ксенофобияның айқын формасы бар. Біздің азаматтарымыздың наразылығы орынды», - делінген хабарламада.

Еске салсақ, Австралияның Сидней қаласындағы жағажайлардың бірінде Бораттың мүсіні қойылып, Қазақстан туымен флешмоб ұйымдастырылған болатын.

Желіде таралған кадрлардан Борат кейпіндегі қырық жігіттің жағажайда флешмоб ұйымдастырып, Қазақстанның туын қолға алып, билеп жүргенін және алып мүсіннің жағажайға тікұшақтың көмегімен қойылып жатқанын байқауға болады.

Қазақстандықтар бұл шулы оқиғаға қарсы әлеуметтік желілерде "Мен туымды мақтан етемін" флешмобын бастап, өз наразылықтарын білдірді. Мыңдаған желі қолданушысы мемлекеттік рәміздің суретін өз парақшаларында жариялап жатыр.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1881316-borat-2-filmine-katysty-narazylyk-notasy-zoldana-ma-sim-zauap-berdi/