RU

Коронавирусқа қарсы вакцинаны Тараз тұрғындарына сынап көретіні рас па: ДДСҰ жауап берді

Екпе1
Көрнекі фото: pixabay.com

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Қазақстандағы өкілі Кэролайн Кларинваль ДДСҰ коронавирусқа қарсы вакцинаны Тараз тұрғындарына сынап көрмек деген ақпаратты жоққа шығарды деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ Қазақстандағы ДДСҰ кеңсесіне сілтеме жасап.

"Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Қазақстанда адамдарға ешқандай вакцина сынағын жүргізуді жоспарламайды және жүргізбейді", - дейді ұйым өкілі.

ДДСҰ елдегі қызметі туралы толық және шынайы ақпарат алу үшін азаматтарға ұйымның Қазақстандағы кеңсесіне жүгінуге кеңес берген.

Еске сала кетсек, бұған дейін БАҚ беттеріде Таразда коронавирусқа қарсы вакцинаны сынақтан өткізу үшін еріктілер іздестіріліп жатқаны туралы ақпарат тараған еді.

Қаладағы емханалардың бірінің бас дәрігері алғашқы болып тіркелгендерге 200 мың теңгеден берілетінін, еріктінің созылмалы ауруы болмауы керек екені және коронавируспен ауырмағаны маңызды екенін айтқан.

Дегенмен маман қандай вакцина және сынақтың қашан басталатыны туралы мәлімет бермеген.

Айта кетейік, бұған дейін Қазақ ұлттық аграрлық университеті жанындағы Халықаралық вакцинология орталығының директоры Қайсар Табынов өзінің Ғacebook парақшасында коронавирусқа қарсы екінші рет вакцина алғанын айтқан болатын.

Ал елімізде өткен тәулікте 820 адамнан коронавирус инфекциясы анықталды. Осылайша ел бойынша ауырғандардың жалпы саны 128 400 адамға жетті.

Сондай-ақ өткен тәулікте коронавирус пен COVID-19 белгілері бар пневмониядан 9 қазақстандық қайтыс болған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1886632-koronviruska-karsy-vakcinany-taraz-trgyndaryna-synap-kretini-ras-pa-dds-zauap-berdi/