Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қызылорда облысында оқушылар апатты жағдайда тұрған ескі мектепте білім алуда (видео)

Опубликовано:

Мектеп
Скриншот: "Астана" телеарнасы

Жаңақорғандық оқушылар, апатты жағдайда тұрған ескі мектепте білім алып жүр деп хабарлайды "Астана" телеарнасы.

"Баламыз мектептен келгенше жанымызды шүберекке түйіп отырамыз" деп жанайқайын жеткізген жаңақорғандық ата-аналар мектептің жайына алаңдаушылық білдірді.

Қаладағы №169 мектеп алты жыл бұрын апатты деп танылған екен. Алайда, әлі күнге дейін қирауға шақ мектепте балалар білім алып жүр.

Соңғы шегесі 80-ші жылдары қағылған мектеп 370 балаға ықшамдап салынған. Білім ордасында бүгінде 1,5 мың бала оқып жүр.

"39 жылы салынған бір бөлігі, екінші бөлігі 75 жылы, үшінші бөлігі 85 жылы салынған. Мектеп апатты деп танылған 2014 жылы. Типтік емес мектеп негізі", - дейді №169 орта мектеп директоры Аллаберген Ахметов.

Мектептің апатты жағдайда тұрғанын жергілікті атқамінерлер жақсы біліп отыр. Себебі алты жыл бұрын өздері сондай шешім шығарыпты. Жаңа мектеп салу үшін бюджеттен қаржы да сұратыпты. Республикалық бюджеттен оған 2,5 млрд теңге бөлінген. Алайда салынып бітпеген мектеп кейіннен "оптимизацияға" ұшырапты".

Мектеп
Фото: "Астана" телеарнасы

"Көп әңгіме шығып, қымбат болған соң оптимизация жасадық мектепке. Мектептің қазіргі құны 1 млрд 970 млн теңге болды. Үнемделген ақшадан соның қасына 300 орындық мектеп салынып жатыр", - дейді Қызылорда облыстық құрылыс сәулет және қала құрылысы ММ-нің басшысы Бердияр Пірімбетов.

Басқарманың сөзіне сенсек, ауданда алдағы жылдары 300 және 600 орындық екі мектеп салынуы керек. Шенеуніктердің айтуынша, екі мектеп келесі оқу жылында тапсырылады. Ал мердігер мекеме болса, мерзімінен сәл кешігіп жатқанын алға тартады.

"Көктемде карантинге байланысты біраз тұрып қалдық. Қазір жұмыс жүріп жатыр. Біз график бойынша кішкене қалып тұрмыз, көп емес. Алла бұйыртса, оны жетіп қоямыз деген ойдамыз", - дейді мердігер мекеме өкілі Бағжан Аманов.

Аязға қарамастан, жұмыс қыза түсіпті. Осы күнде 70 құрылысшы жатпай-тұрмай жұмыс істеп жатқан көрінеді. Қыста жүріп жатқан құрылыс, ата-аналарды тағы алаңдатты. Олар жаңа мектептің сапасына күмәнмен қарап отыр.

М. Тоқтасынқызы

Еске салсақ, бұған дейін Қызылорда облысында барлық пәннен беретін жалғыз мұғалімі бар мектеп жұмыс істеп жатқанын жазған болатынбыз.

Одан бөлек, елімізде ешкім ештеңе ұрламайтын жалғыз ауыл туралы жазған едік.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1886955-kyzylorda-oblysynda-okusylar-apatty-zagdajda-trgan-eski-mektepte-bilim-aluda-video/

pixel