Талдықорғандықтар жаңа жылға орай қаланы безендіруге қыруар қаржы бөлген әкімдікке шүйлікті
Жарияланған күні:
Талдықорған қаласы әкімдігі жаңа жыл мерекесіне орай қаланы безендіруге 10 миллион теңге жұмсауды жоспарлаған. Қаладағы белгілі блогердің айтуынша бұл істі әкімдік алматылық компанияға сеніп тапсырыпты. Ал жергілікті тұрғындар қыруар ақшаға қаланың былтырғы конструкциялармен безендіріліп жатқанына қайран қалып отыр. Қаладан өткен жылғы жаңа жылдық нышандардың қайта пайда болғанын байқаған талдықорғандық блогер Қайрат Абдрахман әкімдіктен бюджет қаржысы нақты қалай жұмсалып жатқанын сұрады деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Әлеуметтік желідегі "Талдыкорганец" қауымдастығын жүргізуші блогер Қайрат Әбдрахман қаланың биылғы безендірілуі өткен жылғыдан қатты ерекшелене қоятынына күмәнмен қарады.
"Биыл қала әкімдігі бюджеттен алматылық фирма арқылы 9 млн 771 мың теңге жұмсамақ. Ал енді заңды сұрақ туады. Неге Алматы компаниясы бәрін дәл өткен жылғыдай жасап жатыр?", - деп жазады блогер.
Желіде пікір қалдырған оқырмандар да қаланың келбеті былтырғы жаңа жылды еске түсіретінін жасырмады.
"Былтырғы ойыншықтарды қайта шығара бастады, ал ақшаның қайда кеткені белгісіз", "Өздері көп адам жиналуға болмайтынын айтады, одан да осы ақшаға жағдайы төмен отбасыларының балаларына сыйлық жасап бермей ме?", "Әрине, қызық жағдай", "Бәрі үйде отырады, оның қажеті қанша, біздің Талдықорған онсыз да әдемі қала", - деп пікірлерін жаудырды қала тұрғындары.
Блогер мен оқырмандардың сынына Талдықорған қаласы әкімінің баспасөз қызметі пікір білдірді.
Әкімдіктің берген мәліметінше, "Талдықорған қаласы тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы" мемлекеттік мекемесі мен "Дизайн студия Tseh" компаниясы арасында келісімшарт бар.
Онда аталған компания жаңа жылдық шырша мен оның маңындағы аумақты безендіру туралы міндеттеме алған. 2020 жылы 26 қарашадағы № 122 шарт бойынша қызмет құны - 2 883 998 теңге.
Сондай-ақ "Талдықорған қаласы тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы" мемлекеттік мекемесі "САRDO PLUS" ЖШС-мен "Қаланы жаңа жылға қарсы безендіру"туралы келіскен. Қызмет құны 10 943 618 теңге. Келісімшарт 2020 жылы 27 қарашада жасалған.
Айта кетейік, бұған дейін Алматы қаласы жаңа жылға орай безендірілмейтінін хабарлаған едік. Қаланы безендіруге бөлінген қаражат коронавирусқа қарсы күреске пайдалану үшін бюджетке қайтарылған.
Сонымен қатар Қызылордада жаңажылдық мерекеге орай отшашу болмайды. Дәстүрге айналған шараға бюджеттен қаржы мүлдем қарастырылмағанын жазған болатынбыз.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1889544-taldykorgandyktar-zaa-zylga-oraj-kalany-bezendiruge-kyruar-karzy-blgen-kimdikke-sjlikti/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.