Қазақстанда ресейлік "Спутник V" вакцинасының өндірісі басталды
Опубликовано:

Премьер-министр Асқар Мамин Қарағанды фармацевтикалық кешеніне барып, Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путиннің арасындағы уағдаластықтарды іске асыру аясында "Спутник V" вакцинасын өндіруді бастап берді деп хабарлайды премьер-министрдің ресми сайты.
Кешен базасында кезең-кезеңімен 2 млн доза вакцина өндіріледі.
"Қазақстанда өндірілген "Спутник V"-мен жаппай вакцинация 2021 жылғы ақпан айында басталады. Бірінші кезекте екпе ерікті негізде медицина қызметкерлері, педагогтер, студенттер, құқық қорғау органдарының қызметкерлері, медициналық-әлеуметтік мекемелердің контингенті, сондай-ақ созылмалы аурулары бар қауіптілік топтарының өкілдеріне салынады", - деді Асқар Мамин.
Үкімет басшысы Қазақстанда "Спутник V" вакцинасының өнеркәсіптік өндірісін жергіліктендірудің ерекше маңыздылығын атап өтті.

Еске сала кетсек, ТМД мемлекеттері басшылары кеңесінің отырысына қатысқан Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Ресеймен бірлесіп, вакцина өндірісін іске қосатынын мәлімдеген еді.
Ал Жамбыл облысы Қордай ауданының Гвардейский кентінде БҒМ Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институты өндіріп жатқан отандық QazCovid-in вакцинаны жаппай егу 2021 жылдың наурыз айында басталады деп күтілуде.
Зерттеудің алдын ала нәтижелері вакцинаның жоғары қауіпсіздігін, иммуногенділігін және тиімді екенін 96% көрсеткен.
Асқар Маминнің сөзінше, вакцина бірінші кезекте ерікті түрде медицина қызметкерлеріне, педагогтерге, сондай-ақ созылмалы аурулармен ауыратын топтағы адамдарға салынады.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1890138-kazakstanda-sputnik-v-vakcinasyny-ndirisi-bastaldy/