RU

Келесі айдан бастап барлық педагогтің жалақысы тағы 25 пайызға өседі

ұстаз
Көрнекі фото: inbusiness.kz

2021 жылдың қаңтарынан бастап барлық педагогтің жалақысы тағы 25 пайызға өседі. Бұл туралы білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мәлімдеді деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

"Биыл президент біздің алдымызға мұғалімдердің жалақысын 25 пайызға өсіру міндетін қойған еді. Біз тапсырманы орындадық. Келесі жылы қаңтар айынан бастап барлық педагогтің жалақысы тағы 25 процентке көбейеді", - деді Аймағамбетов орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында. 

Ол тек мектеп мұғалімдерінің емес, балабақша, колледж, қосымша білім беру жүйесінің педагогтерінің айлығы көтерілетінін атап өтті.

Бұдан бөлек, министр білім жүйесінде басқа да қосымша ақылар барын еске салды.

Мәселен, біліктілік санатына қарай мұғалім өз жалақысының 30-50 процентіне дейін қосымша ақы алады. Егер ол шебер болса, ай сайын еңбекақысының 50 пайызына дейін үстемеақы беріледі.

Сондай-ақ, пәнді ағылшын тілінде беру, сынып жетекшілігі, дәптер  тексергені үшін қосымша ақылар қарастырылған.

Еске сала кетсек, Білім министрлігі мұғалімдерден арзанқол мадақ-марапаттардан ада болуға шақырған еді. Асхат Аймағамбетовтың сөзінше, сатып алатын марапат - марапат емес.

Сонымен қатар Асхат Аймағамбетов үшінші тоқсаннан бастап ҰБТ және мемлекеттік емтихан тапсыратын пәндер дәстүрлі форматта оқытылатынын хабарлаған болатын.

Оның сөзінше, үшінші тоқсаннан бастап 9 бен 11-сынып оқушыларының 70 пайызы дәстүрлі форматта оқиды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1890816-kelesi-ajdan-bastap-barlyk-pedagogti-zalaksy-tagy-25-pajyzga-sedi/