RU

Ақтауда онлайн сабақ кезінде оқушыларға 18+ видео көрсетілген

Ұстаз мектепте онлайн сабақта отыр
Көрнекі фото: lada.kz

Ақтауда IT-лицейлердің біріндегі онлайн сабақта зорлық-зомбылық көріністері мен бейәдеп сөздері бар видео көрсетілген. Бұл фактіге қатысты Маңғыстау облыстық білім беру басқармасының басшысы Асқар Сейдалиев пікір білдірді деп хабарлайды Lada.kz.

Басылымның жазуынша, аталмыш жайт 12 желтоқсан күні математика сабағында болған.

Мұғалім оқушыларға конференцияға қатысуға рұқсат беріп, бөгде тұлғалардың қатысуын шектеген. Алайда, сабақ уақытында 18+ видео қосылған.

"ІТ-лицейдің математика пәні мұғалімі платформаны пайдалану ережелерін бұзып, математика сабағына бөгде адамдардың енуіне жол берген. Мектеп директорының түсіндірмесінде сабақ бейтаныс адамдардың дауысы естілгеннен кейін бірден тоқтатылғаны айтылды. ІТ-лицейдің директоры осындай жағдайға жол берген математика пәнінің мұғаліміне "ескерту" түріндегі тәртіптік жаза тағайындады", - дейді Асқар Сейдалиев.

Ведомство мұндай жағдай өңірде бірінші рет тіркелгенін хабарлады.

Қашықтан оқыту форматында білім алатын оқушылар mektep.edu.kz, Bilimland білім платформаларын, Telegram және WhatsApp мессенджерлерін, сондай-ақ "әл-Фараби", "Еларна" телеарналарындағы бейнесабақтарды, ZOOM, classroom платформасындағы конференц-сабақтарды пайдаланады.

Білім беру басқармасы ұстаздарға білім беру платформасын пайдалану бойынша түсіндіру жұмыстары бірнеше рет жүргізілгенін атап өтті.

2021 жылдың қаңтар айында облыс басшылығы өңірдегі санитарлық - эпидемиологиялық жағдайды ескере отырып, санитарлық талаптарды сақтау арқылы бастауыш сынып оқушыларын штатты режимге ауыстыру мәселесін қарамақ.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1890900-aktauda-onlajn-sabak-kezinde-okusylarga-18-video-krsetilgen/