Садыр Жапаровтың қарындасы "Қырғызстан аруы - 2020" атанды (фото)
Жарияланған күні:
Көршілес елде "Қырғызстан аруы - 2020" сұлулық байқауының финалы өтті. Нәтижесінде 20 жастағы Ләззат Нұрқожаева жеңіске жетіп, BMW X5 автокөлігін иеленді.
Sputnik Қырғызстанның жазуынша, байқаудың финалы 29 желтоқсанда, Бішкектегі мейрамханалардың бірінде өткен.
Іс-шара ұйымдастырушыларының сөзінше, бастапқыда 150 ару іріктеуден өткен. Соның ішінде 80 қыз жартылай финалға жолдама алса, финалда тек 31 бойжеткен бағын сынаған.
Нәтижесінде сұлулық сайысының тәжі әрі бас жүлдесі 20 жастағы Ләззат Нұрқожаеваға бұйырған.
Бірінші вице-мисс Алтынай Ботоярова, екінші вице-мисс атағын Алина Болотбекова иеленген.
"Жеңімпазға басты жүлде ретінде BMW X5 автокөлігі берілді. Алтынай келесі жылы "Әлем аруы" халықаралық байқауында еліміздің атынан шығады. Алина Мысырға жолдама ұтып алды", - дейді байқау ұйымдастырушысы Рыскүл Намазбекова.
Осы ретте желідегілер Ләззат Нұрқожаева президенттікке үміткер Садыр Жапаровтың інісі Доолотбек Жапаровтың қызы екенін талқылауда. Намазбекова да бұл деректі растаған.
"Жеңімпаздың президенттікке үміткермен туыстық байланысы туралы ақпаратқа келер болсақ... Ләззат табысты модель және ұзақ уақыттан бері ұлттық сұлулық байқауларына қатысып келеді. 2016 жылы "Бішкектің топ-моделі" титулын жеңіп алған. Ол өткен жылы "Қырғызстан аруы" байқауына қатыса алмады, биыл қатысуға шешім қабылдады. Айта кету керек, сұлулық байқауына кастинг қыркүйектің басында өткен, ал саяси оқиғалар қазан айында болды", - дейді байқау ұйымдастырушысы.
Басылым тілшілерінің анықтауынша, қазір Ләззат Қырғыз заң академиясының үшінші курсында оқиды. Сонымен қатар таэквандомен айналысады.
Еске сала кетсек, Қырғызстандағы жаппай тәртіпсіздіктерден соң ел президенті болған Сооронбай Жээнбеков 15 қазанда отставкаға кетті.
Президент қызметін Жогарку Кенеш спикері Қанат Исаев уақытша атқаруы керек болған. Алайда Исаев бұл қызметтен бас тартты. Осылайша, өкілеттілік үкімет басшысы Садыр Жапаровқа берілді.
Дегенмен алда болатын президент сайлауына қатысу үшін Садыр Жапаров өкілеттігін тоқтатты.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1891806-sadyr-zaparovty-karyndasy-kyrgyzstan-aruy-2020-atandy/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.