RU

"Наурыздың соңында": ДСМ коронавирустың шарықтау шегі қашан болатынын болжады

Тәжвирус карантин
Фото: NUR.KZ/ Петр Карандашов

Еліміздің денсаулық сақтау министрі Алексей Цой үкіметтің онлайн-отырысында коронавирусқа қатысты 2021 жылға арналған болжаммен бөлісті. Оның сөзінше, аурудың шарықтау шегі наурыз айының соңында болуы мүмкін деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.

"Денсаулық сақтау министрлігінің болжау жөніндегі жұмыс тобы қолданыстағы шектеу шараларын, оның ішінде маска режимі мен әлеуметтік арақашықтықты сақтаған жағдайда және күтілетін вакцинацияны есепке ала отырып, 2021 жылдың соңына дейін эпидемиологиялық ахуалдың даму болжамын құрды.

Аурудың шарықтау шегі наурыз айының соңында тіркелуі мүмкін", - дейді министр.

Алексей Цойдың айтуынша, оптимистік сценарий бойынша тәулігіне 3000-ға дейін ауру жұқтырғандар тіркеледі деп күтілуде. Ауруханалардағы төсек-орын 24 мыңға дейін толуы ықтимал.

Бұл сценарийде қатаңдатылған карантиндік шаралар қабылдау жоспарланып отырған жоқ.

Нақты және пессимистік сценарийлер бойынша күніне ауырғандар саны 6900-ға жетуі мүмкін, төсек-орын сыйымдылығы - 45000 кереуетке дейін.

Қолданыстағы төсек-орын саны 52000-нан аспайды.

Бұндай жағдайда денсаулық сақтау жүйесіне және сапалы медициналық көмекке шамадан тыс жүктемені болдырмау үшін қатаңдатылған карантиндік шаралар енгізілуі ықтимал.

Еске сала кетсек, Алексей Цой Қазақстанда коронавирус инфекциясына қарсы вакцинаны 1 ақпаннан бастап егу жоспарланып отырғанын хабарлаған еді.

Министрдің айтуынша, халыққа екпе жұмыстары вакцинаның жеткізілу мөлшеріне қарай салынады.

Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/society/1894450-nauryzdy-soynda-dsm-koronavirusty-saryktau-segi-kasan-boltanyn-bolzady/