RU

"Күйеуім өлген соң азапты күндер басталды": Сыған келіншек аянышты тағдыры туралы сыр шертті

Әйел адам1
Көрнекі фото: pixabay.com

Алматыдағы "Жан Сая" тұрмыстық орталығына көмек сұрап, бас сұғатын түрлі ұлт өкілдері көп. Олардың қатарында Молдова, Ресей, Өзбекстан мен Қырғызстан азаматшалары бар. Ал жақында дағдарыс орталығына Зара есімді ұлты сыған келіншек келген. Ол екі баласымен бірге барар жері қалмағанын айтып, тағдыр тауқыметін тартқан аналарға арналған мекемені бетке алған деп жазады KAZ.NUR.KZ.

Зараның өміріндегі ауыр кезең күйеуі қайтыс болған соң басталған.

Себебі, сыған ұлтының салты бойынша олар некелерін қандай да бір құжатпен рәсімдемеген. Балаларын да перзентханада емес, үйде босанып, оларға ешбір куәлік немесе құжат алмаған. Тіпті, күйеуінің қайтыс болғанын растайтын құжаттар да мүлде берілмеген.

"Күйеуім көз жұмған соң, нағыз азапты күндер басталды. Қайын жұртым мені үнемі кемсітіп, маған құл секілді қарап, күн көрсеткен жоқ. Кейін жүрегінде ақауы бар екі жасар балам және бірге де толмаған кіші сәбиіммен бірге бізді үйден қуып шықты. Екі баламен барар жерім қалмаған соң, көшеде қайыр сұрауға мәжбүр болдым. Бірде алақан жайып отырған маған жақсы адамдар кездесіп, осы орталыққа бізді алып келді", - дейді Зара.

Көшеде балаларымен бірге қайыр сұрап жүрген Зараны "Равные равным 1+1" қоғамдық қорының өкілдері көріп, дағдарыс орталығына алып келген.

Бүгінде мұндағы мамандар Зара мен балаларының қалыпты өмірге оралуына бар жағдайды жасауда.

Айта кетейік, бұған дейін осы орталықтағы өзбекстандық азаматша жанайқайын айтқан еді.

Ол алғаш рет 16 жасында анасымен бірге Қазақстанға келген. Алғашында анасымен біре нәпақа табуды көздеген. Алайда, анасы қызын алыс туыстарына тастап, өзі туған еліне кетіп қалады. Содан бері келіншек анасын да, туыстарын да көрмеген.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1896487-kjeuim-lgen-so-azapty-knder-bastaldy-sygan-kelinsek-aanysty-tagdyry-turaly-syr-sertti/