Шымкентте иттің көзін ойып алған: Полиция тергеу бастады
Опубликовано:

Әлеуметтік желіде көзі жарақаттанған иттің видеосы тарады. Кадрлар Шымкентте түсірілген болып шықты. Қала полициясы оқиғаға қатысты пікір білдірді деп жазады KAZ.NUR.KZ.
Жаралы иттің видеосы _dobryaki_shymkenta_ парақшасында пайда болған. Еріктілердің сөзінше, қазір иттің жағдайы ауыр.
"Ол кішкентай және үй жануары. Қазір тап-таза. Оған дәрі тамызып жатыр. Жағдайы ауыр. Бірақ жақын күндері мал дәрігері жағдайын тұрақтандырмақ. Бір көзінен айырылған. Екіншісін құтқаруға мүмкіндік бар. Уақыт көрсетеді. Қазір ол не болып жатқанын түсінбейді",- деп жазған желідегі топта.
Шымкент полиция департаменті баспасөз қызметі NUR.KZ тілшісіне аталған факті бойынша тергеу жұмыстары басталғанын мәлімдеді.
"2021 жылдың 15 ақпанында Абай ауданы полиция басқармасы қызметкерлері Қылмыстық кодекстің 316- бабы 1- бөлігі бойынша сот алды тергеу жұмыстарын бастады",- деді полиция департаментінде.
Қазір жараланған ит қалалық ветеринарлық клиникалардың бірінде.
"Қазір ит иесінің тұлғасы мен куәгерлерді анықтауға бағытталған шаралар ұйымдастырылып жатыр",- деді ведомствоның баспасөз қызметі.
Тергеу қорытындысы бойынша процессуалдық шешім қабылданады.
Айта кетейік, Нұр-Сұлтан қаласында былтыр қыркүйекте хайуанаттарды уақытша ұстайтын изоляторда төрт иттің жыныстық сипаттағы азап көргені анықталған еді. Алайда иттерге қорлық көрсеткендерді полиция әлі таппай жатыр.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1900460-symkentte-ittin-kozin-oiyp-algan-policiya-tergeu-bastady/