RU

Белгілі журналист Қазис Тоғызбаев қайтыс болды

Қазис Тоғызбаев
Фото: "Азаттық радиосы"

28 ақпанда белгілі қазақстандық журналист Қазис Тоғызбаев 72 жасында қайтыс болды деп хабарлайды "Азаттық радиосы".

2008 жылдың қыркүйегінен бері Азаттық радиосының Қазақ қызметінде тілші ретінде жұмыс істеп келген Қазис Тоғызбаевтан 25 қаңтарда коронавирус дерті анықталып, ауруханаға жатқызылған. 22 ақпанда Тоғызбаев клиникадан үйіне жіберілгенімен, кейін халі ауырлап қайта ауруханаға жеткізіледі. Ал жексенбіде жақындары оның жүрегі тоқтағанын хабарлады.

Запастағы полковник Қазис Тоғызбаев әскери қызметінен соң журналистикаға, фотографияға бет бұрған.

2011 жылы желтоқсанда Жаңаөзен оқиғасына қатысты алғашқылардың бірі болып репортаждар таратқан журналистердің бірі.

"Оны әріптестері кәсібилігі мен жасын сыйлап "Қазис аға" дейтін. Әскери тәртіп пен тік мінезі, шыншылдығы, сенімділігі және жайсаңдығы әріптесіміздің рухты адам екенін айқындап тұратын. Қазис Тоғызбаев 2007 жылы қаңтарда Қазақстандағы демократиялық құндылықтарды дамытуға қосқан үлесі үшін "Азаттық" сыйлығымен марапатталған. Ол Азаттықтың Қазақ қызметінде көбіне саяси, адам құқығы, әскери тақырыптарда қалам тербейтін. Азаттық редакциясы Қазис ағаға ауыр саяси тақырыптарды тапсыратын. Ол әрқашан сенімді ақтап, толымды мақалалар жолдайтын", - деп жазған "Азаттық радиосы" өз сайтында.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1901239-belgili-zurnalist-qazis-togyzbaev-qaitys-boldy/